Axios: Куба Ресей мен Ираннан әскери дрондар сатып алған
2023 жылдан бері Куба Ресей мен Ираннан 300-ден астам әскери дрон сатып алып, оларды АҚШ-тың Гуантанамо базасына, Флоридадағы әскери нысандар мен әскери кемелерге қарсы қолдану мүмкіндігін талқылап жатыр.
Бұл туралы Axios басылымы америкалық барлау деректеріне сілтеме жасап хабарлады.
Басылым мәліметінше, Куба Ресей мен Ираннан соққы беруші дрондарды 2023 жылдан бері алып келеді әрі оларды аралдағы стратегиялық аймақтарға орналастырған. Соңғы бір айда Гавана Мәскеуден қосымша дрондар мен әскери техника сұратқан.
Axios бұл ақпарат АҚШ тарапынан әскери әрекеттерге себеп болуы мүмкін екенін жазады. Себебі Дональд Трамп әкімшілігі Кубаны Иран әскери кеңесшілерінің Гаванада болуы және дрондық соғыс мүмкіндіктерінің күшеюі аясында қауіп ретінде қарастырып отыр.
14 мамырда АҚШ Орталық барлау басқармасының директоры Джон Рэтклифф Гаванада Кубаның ішкі істер министрлігінің жоғары лауазымды тұлғаларымен кездескен. Куба билігі кездесуде аралдың АҚШ ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндірмейтінін дәлелдейтін айғақтар ұсынғанын мәлімдеді.
Reuters агенттігінің мәліметінше, Рэтклифф Куба билігіне Дональд Трамп әкімшілігінің хабарламасын жеткізген. Онда АҚШ Кубамен экономикалық және қауіпсіздік мәселелері бойынша келіссөз жүргізуге дайын екені, бірақ ол үшін аралда «түбегейлі өзгерістер» болуы қажет екені айтылған. Сонымен бірге АҚШ тарапы Кубаны әскери әрекеттерден сақтандырған.
Axios дерегінше, АҚШ 20 мамырда Кубаның бұрынғы басшысы Рауль Кастроға қатысты айыптау қорытындысын жариялауы мүмкін. Ол 1996 жылы Майамиде орналасқан «Brothers to the Rescue» гуманитарлық ұйымының екі ұшағын атып түсіруге бұйрық берді деп күдікке ілінген.
АҚШ пен Куба арасындағы қарым-қатынас 2026 жылдың қаңтарында Венесуэлада Николас Мадуро билігінің құлатылуынан кейін күрт шиеленіскен. Куба Венесуэла мұнайына қатты тәуелді болғандықтан, Каракастағы режим ауысуы Гавана экономикасына ауыр соққы болды.
Бұған қоса, АҚШ Кубаға мұнай жеткізетін елдерге тарифтер енгізгеннен кейін аралға мұнай жеткізу іс жүзінде тоқтаған. Мамыр айының ортасында Куба билігі елдегі жанармай қоры толық таусылғанын хабарлады. Қазір Гавана мен оған жақын аймақтарда электр жарығы тәулігіне 20–22 сағатқа дейін өшірілуде. Сонымен қатар азық-түлік пен дәрі-дәрмек тапшылығы күшейген.