Трамп пен Си кездесуінің алғашқы күні қалай өтті?
Трамп пен Си арасындағы саммиттің алғашқы күні салтанатты рәсімдермен, АҚШ–Қытай саудасы, Иран, Тайвань және өзге де даулы мәселелерге арналған маңызды келіссөздермен өтті.
14 мамыр күні Трамп пен Си Бейжіңде ресми келіссөздерді бастады. Бұл — АҚШ президентінің соңғы тоғыз жылдағы Қытайға жасаған алғашқы сапары. New York Times басылымының жазуынша, бұл саммит екі ел арасындағы шиеленіскен қарым-қатынастың жақсара ма, жоқ па — соны анықтайтын маңызды кезең болуы мүмкін.

Алдымен Си Трампты Бейжің орталығындағы Халық жиналыстары сарайының алдында қарсы алды. Екі лидер қол алысып, құрмет қарауылы мен гүл ұстап тұрған балалардың арасымен бірге жүріп өтті.

Трамп делегациясының құрамында АҚШ мемлекеттік хатшысы Рубио, қаржы министрі Бессент, қорғаныс министрі Хагсет және Ақ үй аппараты басшысының орынбасары Миллер болды.
Сонымен қатар кездесуге Apple басшысы Тим Хок, NVIDIA жетекшісі Дженсен Хуанг және Tesla мен SpaceX иесі Маск те қатысты.
Халық жиналыстары сарайында екі лидер екі сағаттан астам уақыт келіссөз жүргізді. Трамп Симен жеке қарым-қатынасына ерекше тоқталды.
— Сіз ұлы көшбасшысыз. Кей адамдарға бұл ұнамауы мүмкін, бірақ мен бәрібір айтамын. Кейбіреулер бұл тарихтағы ең ірі саммит болуы мүмкін дейді. АҚШ пен Қытай арасындағы қатынас бұрынғыдан да жақсы болады, — деді Трамп.
Өз кезегінде Си Цзиньпин тұрақты Қытай–АҚШ қатынастары бүкіл әлем үшін пайдалы екенін айтты.
— Біз ынтымақтассақ, екі тарап та ұтады. Қарсылассақ, екі жақ та ұтылады, — деді Қытай лидері.

Келіссөздер кезінде Қытай кеден қызметі АҚШ-тың жүздеген құс фабрикасына Қытайға сиыр етін экспорттауға лицензия бергені белгілі болды. Сонымен қатар америкалық бизнес өкілдері алғашқы кездесуден кейін оптимистік көңіл-күйде шықты. Илон Маск келіссөз нәтижесі туралы сұраққа:

— Көп жақсы дүниелерге қол жеткіздік, — деп қысқа жауап берді.
Алайда Тайвань мәселесі келіссөздердің ең күрделі тақырыптарының бірі болды. Си Трампқа Тайвань бойынша қате шешімдер әлемдік державаларды «қақтығыс пен соғысқа» алып келуі мүмкін екенін ескерткен.
Ал Марко Рубио NBC News арнасына берген сұхбатында АҚШ-тың Тайваньға қатысты саясаты өзгермейтінін айтты.
— Қытайдың Тайваньды күшпен басып алуға әрекет етуі — үлкен қателік болар еді, — деді Рубио.
Трамп Тайваньнан қорғаныс шығындарын арттыруды талап етіп отыр. Бұған дейін Ақ үй Тайваньға 11 миллиард долларлық қару-жарақ пакетін жариялаған болатын.
Келіссөздер барысында Иран мәселесі де талқыланды. Екі тарап әлемдік энергетика үшін маңызды Ормуз бұғазы қайта ашылуы керек деген пікірге келген.
Трамптың айтуынша, Си Иран мәселесін шешуге көмектесуге дайын екенін білдірген.
— Ол Ормуз бұғазының ашылғанын қалайды. «Қолымнан келсе, көмектескім келеді» деді, — деп мәлімдеді Трамп.
Қытай — Иран мұнайының ең ірі импорттаушыларының бірі. Сондықтан Ормуз бұғазының жабылуы Бейжің үшін экономикалық тұрғыда аса маңызды мәселе болып отыр.
Келіссөздер барысында Украина мен Корея түбегіндегі жағдай да талқыланған. Бірақ нақты мәліметтер жарияланған жоқ.
Сонымен қатар Ақ үй бұл сапар аясында ірі экономикалық келісімдер жасалуы мүмкін екенін де меңзеді. Трамп Қытай АҚШ-тан 200 дана Boeing ұшағын сатып алуға келіскенін мәлімдеді.

Кешке қарай Трамп пен Си Бейжіңдегі әйгілі Temple of Heaven кешенін аралады. Кейін Халық жиналыстары сарайында АҚШ делегациясы үшін салтанатты банкет ұйымдастырылды.
Банкет барысында Трамп Си Цзиньпинді 24 қыркүйекте Ақ үйге ресми сапармен келуге шақырды.
Екі лидер жұма күні де Бейжіңдегі ресми резиденцияда келіссөздерді жалғастырады.