Аймақ

Санаға салынған тұзақ: Түркістан облысы жаңа қауіптерге қалай қарсы тұрады?

Бір кездері қауіп дегенде адамның ойына шекара бұзған жау, қоғамдық тәртіпті бұзған қылмыскер немесе табиғи апат елестейтін. Ал бүгінгі заманның ең қауіпті қаруы көзге көрінбейді. Ол – смартфон экранынан жылт етіп шығатын жалған ақпарат, әлеуметтік желі арқылы тарайтын қауесет, оңай пайдаға кенелесің деп уәде ететін қаржылық пирамида, бір қоңыраумен банк шотыңызды тақыр таза етіп үптеп кететін интернет-алаяқ немесе жасөспірімнің өмірін өзгертіп жіберетін құмар ойыны.

хакер

 Мұның бәрі сырттай қарағанда бір-біріне қатысы жоқ мәселелер сияқты көрінгенімен, шын мәнінде олардың түпкі мақсаты ортақ – адамның санасына ықпал ету.

Содан да болар, қазіргі таңда әлем елдері ақпараттық қауіпсіздікті әскери қауіпсіздікпен бір деңгейде қарастыра бастады. Себебі қоғамды әлсірету үшін міндетті түрде қару қолданудың қажеті жоқ. Кейде бір ғана жалған ақпараттың өзі халық арасында дүрбелең туғызып, мемлекетке деген сенімді әлсіретуі мүмкін. Әлеуметтік желілерде күн сайын таралатын ақпараттың санына жету мүмкін емес. Оның қайсысы шын, қайсысы өтірік екенін ажырату барған сайын қиындап барады. Осындай жағдайда жалған ақпарат тек жаңалықтан гөрі, қоғамдық санаға жасалған шабуылға айналады.

Түркістан облысында бұл мәселе ерекше назарға алынуы кездейсоқ емес. Өйткені мұндай жалған ақпараттың таралуы қоғамның тұрақтылығына, адамдардың психологиялық ахуалына және азаматтардың қауіпсіздігіне де әсер етеді. Бір қарағанда зиянсыз көрінетін жалған хабарлама кейде адамдарды алаңдатып, қоғамда негізсіз үрей қалыптастырады. Ең қауіптісі – жалған ақпаратқа сенген адам дұрыс шешім қабылдай алмайды. Ал теріс шешімнің салдары жеке адамға ғана емес, тұтас қоғамға әсер етуі мүмкін.

Соңғы жылдары цифрлық технологиялардың дамуы өмірімізді жеңілдеткенімен, қауіптің жаңа түрлерін де ала келді. Интернет-алаяқтық бүгінде қылмыстың ең кең тараған түрлерінің біріне айналып отыр. Алаяқтар бұрынғыдай көшеде жүріп алдамайды, олар қазір адамның қалтасына емес, санасына жол табуды үйренген. Біреуі өзін банк қызметкері ретінде таныстырады, енді бірі мемлекеттік органның атынан хабарласады, үшіншісі әлеуметтік желіде жалған инвестициялық жоба ұсынып, оңай табыс табуға шақырады. Нәтижесінде, азаматтар жинаған қаржысынан айырылып қана қоймай, моральдық күйзеліске де ұшырайды.

Мұндай жағдайлардың көбеюі қоғамдағы тағы бір өзекті мәселені көрсетеді. Ол – қаржылық сауаттылықтың жеткіліксіздігі. Бүгінде «айына 30 пайыз табыс», «бір аптада қаржыңызды екі есе көбейтеміз» деген жарнамаларға сенетін адамдардың қарасы азаймай тұр. Қаржылық пирамидалардың өмір сүруіне дәл осы сенгіштік мүмкіндік беріп отыр. Шын мәнінде, ешқандай заңды бизнес аз уақыт ішінде орасан табысқа кепілдік бере алмайды. Бірақ жеңіл жолмен байып кетуге деген ұмтылыс көптеген азаматтарды тәуекелге итермелейді. Соның салдарынан кейбір отбасылар қарызға батып, әлеуметтік қиындықтарға тап болып жатады.

Бұл мәселенің тағы бір күрделі қыры – лудомания. Құмар ойынға тәуелділік бүгінде әлем бойынша ғана емес, Қазақстан қоғамы үшін де алаңдатарлық мәселеге айналып отыр. Бұрын казино мен ойын автоматтарына тәуелділік туралы айтылса, қазір жағдай мүлде басқа. Құмар ойын әр адамның қалтасында жүрген смартфонның ішінде тұр. Бір ғана қосымша арқылы адам кез келген уақытта бәс тіге алады. Ең өкініштісі, құмар ойынның құрбанына көбіне жастар айналып жатыр. Жеңіл ақшаға деген қызығушылық уақыт өте келе тәуелділікке ұласып, адамның қаржылық жағдайын ғана емес, психологиялық денсаулығын да бұзады. Ал психологиялық қысым күшейген сайын қоғамда тағы бір өзекті мәселе бой көтереді. Ол – суицидтік көңіл күйдің белең алуы. Әсіресе әлеуметтік желілердегі мінсіз өмірдің жалған көрінісі көптеген жастардың өз өміріне көңілі толмауына себеп болып отыр. Біреудің жетістігін көріп, өзін сәтсіз сезіну, қаржылық қиындықтар, жұмыссыздық, отбасылық мәселелер мен жалғыздық сезімі адамның психологиялық жағдайына әсер етеді. Сондықтан суицидтің алдын алу тек дәрігерлердің немесе психологтардың жұмысы емес. Бұл – отбасының, мектептің, қоғамның және мемлекеттің ортақ міндеті.

Осы тұрғыдан алғанда Түркістан облысында жүргізіліп жатқан түсіндіру және профилактикалық жұмыстардың маңызы зор. Өңірде интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша тұрғындармен кездесулер өткізіліп, жастар арасында ақпараттық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған шаралар өткізілуде. Сонымен қатар әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жалған ақпараттың, қаржылық пирамидалардың және құмар ойындардың зияны жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді.

Дегенмен кез келген қауіппен күрестің ең оңтайлы жолы – тыйым салу емес, саналы қоғам қалыптастыру. Өйткені сауатты азамат жалған ақпаратқа сенбейді, алаяқтың арбауына түспейді, қаржылық пирамиданың құрбаны болмайды және қиын жағдайда көмек сұраудан қорықпайды. Сондықтан бүгінгі таңда ақпараттық қауіпсіздік мәселесі тек технология немесе құқық қорғау саласының мәселесі емес. Бұл – адамның ойлау мәдениетімен, білім деңгейімен және азаматтық жауапкершілігімен тікелей байланысты құбылыс.

Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы, жастарды қолдау бағдарламалары, жаңа жұмыс орындарының ашылуы, білім мен кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы бастамалар да осы қауіптердің алдын алуға ықпал етеді. Себебі тұрақты жұмыс, сапалы білім және ертеңгі күнге деген сенім бар жерде алаяқтыққа алданып қалу да, жалған ақпаратқа еру де, әлеуметтік күйзеліске түсу де азаяды.

Бүгінгі қоғамның алдында тұрған ең үлкен міндет – ақпараттық дәуірдің қауіптеріне қарсы иммунитет қалыптастыру. Өйткені қазіргі заманның басты шайқасы шекарада емес, адамның санасында жүріп жатыр. Ал санасы сергек, білімі жоғары және жауапкершілігі мол қоғам ғана кез келген қауіпке қарсы тұра алады.

Асылай Сәбитова

Түркістан облысы

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз