Сандуғаш сайлауға сән берер еді
Сөзімізде еш кекесін жоқ. Саналы түрде айтамыз. Тап осы сайлауға Сандуғаш сән берер еді.
Ұтымды қадамға еш партияның ой-өрісі жетпегені-ай. Жеткенде ше, жеңіске бір қадам жақын тұратыны анық. Сандуғашты кандидат етіп тіркеу арқылы уыстап ұпай ұстанушы еді. Соңғы жылдары өңір әкіміне «Ханның қызысың ба?» деп қасқая қараған кімің бар? Және талабы қандай әділ! «Жол жабылмасын» дейді. Қалауы ұлттық ұстаныммен де үндесіп тұр ғой. Мұны енді политтехнология тұрғысынан айтып отырмыз. Қазақ тілектің төресі – «Жолың болсын!» деп қабылдап, «Жолыңды ашсын!» деп бата беріп, «Ақ жол!» деп тілегін арнаған ғой. Айтпақшы, Сандуғаш Тұрлыбекованы басқа емес, «Ақ жол» партиясы алғанда тіптен жарасады екен, ә?!
Шарты толады дегенде, елдегі саясатты айтамыз. «Үміткерлердің кем дегенде 30 пайызы әйелдер мен жастар болсын» деген жоқ па едік?! Сандуғаш ол талапқа да келіп тұр. «Неғұрлым жаңа есімдер шықса игі» деген де ұран тасталды. Біздің қыз бұрын-соңды саяси шыңға шықпаған. Су жаңа есім десек те жарасады. «Белсенді әрі қоғамдағы түйткіл мәселелерді тап басатын үміткер болса» дегенді де естідік. Міне, біздің Сандуғаштан өткен белсенді, одан асып қоғамдағы күрделі мәселені тап басқан жанды күнде кезіктіре аласыз ба, әл-әзір жарық күнде шаммен іздеп таппайсыз. Еш әжуасы жоқ. Ең бір әлжуаз тұсты тап басып отыр Сандуғаш. Шынында да, әкімқаралар келе жатқанда солар жүретін жолдар жабылып жатады. Қаншама тұрғын әбігерге түседі. Тіпті бейнет кешеді. Қара көліктің ішіндегі қара көзілдіріктілер оны қайдан білсін. «Жолдың бәрі осындай екен» деп тәтті қиялға шомады. Ал сол кезде біреу жұмысына, біреу баласына асығып бара жатады, бірі діттеген жерге жете алмай діңкелейді. Қаншама тіршілік тоқтап қалады. Сонда жол жабудағы жалғыз мұрат – әлгі шенеуніктің кедергісіз өте шығуы. Қайта Сандуғаштың талап еткені жақсы болды. Қазір жол жапқыштар азая бастады.
Сандуғаш – ана. Демек, ана мен бала мәселесін жете түсінеді. Мәселені жоғары мінбеден кібіртіктемей айта алады және үні естіледі. Өйткені ел еститіндей деңгейде айта алады. Жеке басының қамы ғана емес, тұтас партияның мүддесін қорғауға да дайын. Оған ерік-жігері, мінезі де жетеді. Ең бастысы, ауыл тұрғыны. Басқа емес, тап осы «Ауыл» партиясы өз қатарына қосып алғанда қырып дауыс жинар еді. Себебі Сандуғаштың әлгі өрлігіне қол соққандар көп, соның бәрі Сандуғаштың партиясын жақтап шығады және оның партияластары дәл Сандуғаштай талапшыл деп топшылайды. Жалынды әйелге жол ашқан партияның ішкі әлемінде де бір өжеттік жатуы қисынға келеді ғой. Мемлекет басшысының өзі де айтты. Ендігі парламент мәжілісінде оппозициялық бағыт құпталады дегенді. Қоғамдағы мешел де шетін жағдайға Сандуғаштан артық қандай қарсы тарап болуы мүмкін? Ақын-жазушылардан жарыған оппозиция шықпайтынын жұрт біліп алды. Өзінің туыс-туған, тамыр-таныстары демесеңіз, оларды қотарылып қолдай кетер халықты көріп отырған жоқпыз. Ал Сандуғаш қара халықтың ішінен шыққан, бұқараның өз өкілі.
Рас, саяси ортаға бейімдеу керек. Бүгінгі бет күтіміндегі озық үлгілер ауыл әйелінің де ажарын әдемілеп бере алады. Ал Сандуғаш онсыз да көрікті. Тағы бір шындық – қазақ әйелдері шетінен мәдениетті. Оған біз шүбә келтірмейміз. Қанында бар қасиет Сандуғаштан да қашып кеткен жоқ, ендеше. Демек, ол саяси ортаға сіңісіп кете алады. Сөзін жүйелеп беретін хатшыны да табу оңай. Тіпті сол партиялардың баспасөзбен жұмыс істейтін мамандары да көмектеседі. Саяси науқан емес пе? Тіпті Тұрлыбекованы саяси ортаға бейімдеуге немесе тәрбиелеуге көп күш кетпейді де. Сөйлеу мәнерін, өзін ұстауын шыңдап берсе жеткілікті. Пысық Сандуғаш бірер сабақтан кейін әдіс-айланың бәрін еркін меңгеріп алады. Көз алдыңызда саяси амбициясы мықты қайраткер сомдалып келе жатыр ғой, иә?
Сандуғашты сайлауалды насихат жұмыстарына мейлінше пайдалануға болады. Алдымен сөзін. Тіпті сөздерін. Мысалы, Сандуғаштың ұранына келейік. «Еңкейгенге – еңкей, ол атаңның құлы емес. Шалқайғанға – шалқай, ол ханның қызы емес». «Ұлы емес» деп те келтіруге болады, негізі. Ол енді қалауыңызға, уақиғаға байланысты. Сандуғаштың бағдарламасы да дайын. «Біз кез келген жолдың жабылуына қарсымыз! Әсіресе даму жолына тұсау салғандарға қарсымыз!» немесе «Даңғыл жол бәріне керек – ханға да, қараға да!» «Бақ-береке тасып, қонсын. Ол үшін барлық жолдар ашық болсын!» «Болашаққа жол ашып бере алмаған басшы бақытсыз», «Рухани дамудың жол картасы жасалсын». Осылай өрбітіп әкетуге болады. Қиял мен шабыт қатар өрілсе жеткілікті. Әлгінің бәрі жібі түзу талап қой. Өзін де кеңінен пайдалануға болады. Электоратпен кездесуді елестетіңізші. «Сандуғаш келе жатыр» десе, соны бір көруге ынтық жұрт солтүстік пен орталықтан, шығыс пен батыс өңірден жүз мыңдап табылады ғой. «Әлгі облыс әкіміне «Ханның қызысың ба?» деген ханым ел аралап жүр, өзі депутаттықтан үміткер» десеңіз жетіп жатыр. Сандуғаштың жолын аңдып, бір көруді, реті келсе суретке түсуді аңсайтындардың есебінен жаңыласыз. Міне, саяси жүріс. Ондай әдісті пайдаланбау әбестік енді.
Бір мандаттың құны деген, не тәйірі? Сандуғашты ұсынған партия мөлшерлі дауысты жинайды әрі мәжілістен орын алады. Сол партияның саяси кеңесі кеңесе келіп, бір мандатты Сандуғаштың өзіне қиып жіберсе тіпті керемет. Тап сол партия төменгі палатадағы оппозицияны құрайды. Ал өзі ауылда тұрып, әлгі өңірдің бірінші басшысының алдынан шығып, «Ханның қызы ма едің?» деп кіжінетін Сандуғаш төрағаның алдында айыл жыя ма? Әсіресе ел мүддесі қорғалмай, қазақ ұтылатын заң жобасы немесе бюджет бөлісі кезінде лоббистер бұра тартса біздің кандидат айқай салады. Мысалы, мәжілістің болашақ төрағасы Байбек дейік. Депутат Сандуғаш әріптестерінің қия басқанын байқаса, үстеліндегі тетікті басып қалып, «Әй, Байбек, қанша жерден ел басқару ісінде жүрсең де, ханның ұлы емессің, кішірей қане, мынау заң қазақ мүддесіне қайшы. Кері қайтарамыз» деуші еді. Ондай депутат мәжіліске ревизия жасауды аңсайтын мемлекет басшысына да қатты ұнар еді.