Саясат Нұрбек «Болашақ» бағдарламасы арқылы жаңа мамандыққа стипендия бөлінетінін айтты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекті қабылдады.
Саясат Нұрбек президентке:
жоғары білім және ғылым жүйесін дамытуға бағытталған бірқатар бастама мен жобаларды таныстырды;
елімізде осы уақытқа дейін шетелдік жоғары оқу орындарының 25 филиалы ашылғанын айтты:
– шетелдік серіктестермен аймақтардағы мемлекеттік университеттерді халықаралық білім беру стандарттары бар зерттеу университеттеріне айналдыру туралы келісімдерге қол жеткізілген;
– биыл студенттерге қаржылай қолдау көрсетудің жаңа тетіктері енгізіле бастады.
Олардың қатарына «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын, жеңілдетілген білім беру несиесі мен дифференцияланған гранттарды жатқызуға болады.
Сонымен қатар, жасанды интеллектіні дамыту жөнінде:
– қазір 8 жоғары оқу орнында 15 білім беру бағдарламасы бойынша 2000-нан астам студент жасанды интеллект саласын оқып жатыр;
– цифрлық экономикаға бейімделген кадрлардың әлеуетін дамыту үшін Google, Nvidia, Coursera, 01 Edu System және Huawei сияқты трансұлттық компаниялармен ынтымақтастық орнатылған;
– жасанды интеллект саласында мамандар даярлау үшін «Болашақ» бағдарламасы арқылы жыл сайын 100 стипендия бөлу жоспарланып отыр.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы жатақханалар салу, жоғары білім мен ғылым инфрақұрылымын одан әрі дамыту жөнінде бірқатар тапсырма бергені айтылады.