СЕМЕЙДЕГІ «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: бір пәтерден 18 КамАЗ қоқыс шығарылды
Бірнеше жылдан бері еліміздің барлық өңірінде өткізіліп келе жатқан «Таза Қазақстан» акциясы биыл Семейде ерекше оқиғамен есте қалды.
Сәуір туғалы әр сенбі сайын «Таза Қазақстан» аясында қала көшелерінің қуыс-қуысын, қалтарыс-бұлтарысын түгендеп, көлденең жатқан қоқыс қалдығын жаппай жинау «науқаны» қарқынды жүргізіліп жатқан болатын. Бұл шараға барлық мекемелер жаппай ұйымшылдықпен кірісіп, артынша нәтижесін де жарыса көрсетіп жатты.
Бірақ Семей қаласының сол жағалауындағы Титов көшесі, 131 үйдің тұрғыны «айды аспанға шығарды».
Нақты айтқанда, ұзақ жылдар бойы төрт бөлмелі пәтерін қоқысқа толтырып қана қоймай, осы әрекеті арқылы «Плюшкин синдромы» атты дертке ұшыраған Анна есімді егде жастағы қарт ана жұрт назарына ілікті. Таңғаларлығы сол, оның пәтеріндегі жылдар бойы жиналып қалған қоқыс қалдықтары 18 КамАЗ жүк көлігіне «азық» болды. Қалың қоқыстан «қымтанып» жатқан пәтердің есігіне көршілердің дабылымен барған ресми орган өкілдерінің өзі мұндайды өңі түгілі, түсінде көрмегенін айтып, шошынып отыр.
«Шешесі мен қызы төрт бөлмелі пәтерді қоқысқа лық толтырған. Ал олармен бірге 13 жастағы жасөспірім де жылдар бойы қоқыстың арасында өмір сүрген. Тіпті тазартуға жұмылдырылған 30 адамға үйілген күл- қоқысты шығару оңай болған жоқ. Бұл пәтерді тексеруге тұрғындардың жағымсыз иіс, антисанитарлық жағдай және өрт шығу қаупіне байланысты түскен көптеген шағымдары себеп болды. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері пәтерде ұзақ уақыт бойы қоқыс пен қажетсіз заттардың жиналып қалғанын анықтады», – деп мәлімдеді Абай облыстық полиция департаменті.
Бұл жағдай туралы жергілікті полицияның FSM Social қосымшасы арқылы Семей қаласындағы «Отбасы және тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қолдау орталығына» хабарлама түсіп, нәтижесінде пәтерге «Жастар Семей» мобильдік тобы, «Ана үйі» қоғамдық қоры, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссия мүшелері, мектеп басшылығы және Семей қаласының полиция өкілдері келіп, бірлесіп жұмыс істеген.
Пәтерге кірген кезден арнаулы топ бөлмелердің ұзақ жылдар бойы жиналған тұрмыстық қалдықтарынан, ескі заттар және пакеттермен аузы-мұрнынан шыққанына куә болған.
Қызығы сол, о баста 3, одан кейін 10, кейіннен 14, ақыры 18 КамАЗ жүк көлігімен қоқыс шығарылғаны мәлім болды. Расы керек, бұл баспаналар бойынша қоқыс тазалаудан жарыс жарияланар болса, рекордтық көрсеткіш! Тіпті Абай облысы өз алдына, ел аумағында бір пәтерден 18 жүк көлігімен қоқыс қалдықтарының шығарылуы миға сыймаса да нақты шындық болып отыр.
Бұл оқиға расында кімнің болсын, жағасын ұстатары анық. Қоқыс үйіндісі тек пәтер иесіне ғана емес, бүкіл көпқабатты тұрғын үй тұрғындарына қауіп төндірген. Мәселен, өрт шығу ықтималдығы, түрлі ауруларды қоздыратын инфекцияның таралу қаупі және санитарлық талаптардың бұзылуы, тағы да басқа себептер жетіп-артылады. Сырттан қоқыс, қажетке жарамайтын заттар әкеліп жинай беру де бір дерт екен. Нақты айтқанда, бұл ауру медицинада «Плюшкин синдромы» деп аталады.
Ашық ақпарат көздерінде бұл синдром жөнінде: «Плюшкин синдромы (патологиялық жинаушылық немесе силлогомания) – бұл адамның ескі, жарамсыз және мүлдем қажетсіз заттарды үйге жинай беруімен және оларды қоқысқа тастай алмауымен сипатталатын психикалық ауытқу» деп жазылған.
Бірақ, ең сорақысы – осы пәтерде 13 жасқа дейін анасымен және қарт әжесімен тұрып келген Богдан Рульков есімді баланың жақын жердегі №20 мектепте білім алып жатқаны болды. Тосыннан келіп, комиссия кіріспегенде, оның болашағы қалай қалыптасарын қазір ешкім тап басып айта алмайды.
Дегенмен мектеп директоры Ш.Кәрібжанова мен директордың инклюзивті білім беру жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы Ж.Қабаеваның ресми мәліметіне сүйенсек, баланың дамуында тежеліс бар көрінеді. Дегенмен «Баланың эмоционалдық жағдайы қанағаттанарлық: сыныптастарымен достық қарым-қатынас орнатып, барлық мұғалімдермен араласады. Ол мектепке баруға ынталы, үнемі жақсы көңіл күйде, жағымсыз эмоцияларды көрсетпейді. Сыныптағы, мектептегі барлық іс-шараларға белсене қатысады. Мектеп мұғалімдері баланың білім алу қажеттіліктерін бағалап, бейіндік пәндер бойынша бейімделген оқу бағдарламаларын қамтитын жеке психологиялық-педагогикалық қолдау бағдарламасын әзірледі», – делінген мектеп басшылығының мінездемесінде.
Ал қоқысы 18 КамАЗ-ға жүк болған үйді қалыпқа келтірудің бел ортасында жүрген «Аналар үйі» қоғамдық қорының өкілі Айнагүл Ғалымбекқызымен тілдескенімізде, көрмек тұрмақ, естуге құлақ шыдамас көріністерден хабардар болдық.
«Қаншама жылдан бері тұрмысы төмен, тіпті алкоголизм билеп алған қаншама отбасылардың жағдайларына куә болып келе жатырмын. Бірақ осы күнге дейін мұндай сұмдық көріністі кездестірмеппін. Пәтерді қоқыстан толық тазартуға екі күнде оннан астам тасымал болды. Богданның шешесі Людмила Борисовнаның жасы 38-де, оның анасы Анна Ивановна 74 жаста. Мамырдың 15-і күні көршісі осы төрт бөлмелі пәтерде шектен тыс қоқыс жиналғанын айтып, «102» желісі арқылы полицияға шағым түсірген. Құрамында құқық қорғау органы, отбасын қолдау орталығы, денсаулық, білім басқармалары, бала құқығын қорғау орталығы сияқты өкілдер отыратын комиссияның ортақ чатына осы комиссия мүшелерінің бірі – Адасқан Оралов жағдайды айтып, қозғау салды. Бірақ қолдан келер қайран жоқ. Білетініміз – ерікті жастар күшіне сүйену. Осы құрамдағы бала құқығын қорғау комиссиясының мүшесі Жәнібек Сиязбекұлы деген депутат әрі кәсіпкер азаматқа дереу хабарластым. Мәселені бірден түсініп, ертеңінде 2 КамАЗ жүк көлігімен отыз шақты жастардың басын қосып, бірден іске кірісті. Таңғы 9-дан кешкі 18-00 шамасына дейін екі күн бойы қоқыс шығардық. Айтуға оңай, бірақ бір киген маскамен қайта кіру мүмкін емес болып, жедел ауыстырып отырдық. Енді қолқаны қабар иісті сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Жұмыс аяқталғаннан кейін екі тәулік бойы өз басым есеңгіреп, ұйықтай алмай мазам қашып, әрең өз-өзіме келдім. Бірақ қоқысты лақтыру барысында құжаттардың жоғалып кетпеуін, керекті дүниелерін сұрыптауды да мұқият қадағаладық. Айтайын дегенім, осы қоқысты тазартып жатқанда Богданның сынып жетекшісі келді, тіпті №20 мектептің оқу ісінің меңгерушісі де жүрді. «Қаншама жыл қоқыс жайлаған үйде тұрған баладан қалайша өткір иіс шықпады» десем, «жоқ, ондай ештеңе сезілмеді» дейді. Айтуларынша, оны иіскеп көрмепті, сабағы жақсы көрінеді. Бірақ ЗПР дерті бар екені білініп тұрады ғой. Одан қалса, ерекшелігі бар баланың үй жағдайымен танысып білуі басты міндеттері емес пе?», –дейді Айнагүл Ғалымбекқызы.
Жалпы, қалай десек те, бұл «Таза Қазақстанды» берік ұстаным еткен Семей қаласы үшін өте келеңсіз жағдай болды. Шындығында, қаланың сол жақ бөлігінде орналасқан басты көшедегі көпқабатты үйде осындай отбасы бар екенінен осы уақытқа дейін учаскелік полицияның қалайша бейхабар болғаны түсініксіз.
Абай облыстық білім басқармасының сөзіне сүйенсек, Богдан мектептегі оқуын қайта жалғастыруға үйіне оралған. Әжесі де, анасы да бірге көрінеді. Семей қалалық білім бөлімінің басшысы Дидар Асқарқызына хабарласқанымызда, дәл осы мәселеге байланысты арнайы жиын өтіп жатқанын, әзірге ешқандай түсінік бере алмайтынын мәлімдеді.
Сонымен, 25 мамырдағы кезекті оқу жылын №20 мектеп қана емес, Абай облыстық білім басқармасы осындай «тосын сыймен» аяқтады.
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ
Абай облысы