Саясат

Сенат бізге қажет пе?

Филология ғылымының кандидаты Нұртаза Қадырниязов ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен қазір сенатта жайлы жайғасып отырған барлық депутат атаулыға осындай ашық үндеу тастады.

Сенат бізге қажет пе?

Тіпті «осы үндеуімді ел арасында барынша таратыңыздар, өз сөзіме өз басыммен жауап беремін» деп нықтады ол әлеуметтік желіде.

      Ғалымның пікірінше, әлем елдерінің мемлекеттік құрылымында сенат сияқты жоғарғы палата тек конфедеративтік немесе федеративтік елдерде ғана бар. Мәселен, АҚШ (50 штаты бар), Германия (федералдық жерлері бар), Франция (5 өңір), Англия (біріккен корольдік), Ресей (22 республика). Тіпті Қарақалпақстан Республикасы болғаны үшін Өзбекстан да сенат ұстауға мәжбүр. «Ал Қазақстан сияқты біртұтас мемлекет осынау тиімсіз һәм пайдасыз, халық тікелей сайламайтын сенатты бекерге асырап отыр», – дейді ол.      Рас, қазіргі экономикалық дағдарыс пен қытай вирусының пандемиясы кезінде Қазақстанның 17 сенаторды қайта сайлау үшін 254 миллион теңге (әрбір депутатқа 14,9 млн теңгеден) бөлуі ел билігінің ақылға сыймайтын, орны толмас орасан шығыны. Бұл ақшаны елде жетіспей жатқан мектеп пен аурухана құрылысына неге жұмсамаймыз?! Осы арада «Қазақстан сияқты біртұтас мемлекетке осындай шығыны зор сенатты ұстау қажет пе?» деген өте заңды сауал туындайды.

       Шындығы сол – бұл елде сенаттың болғаны тек сол жоғарғы палата депутаттары үшін керек. Қазақстан халқына, көпбалалы аналарға, жарты миллион жұмыссыз халыққа, өзін-өзі қамтыған деген мәртебе берілген (іс жүзінде олар да жұмыссыздар) 2,5 миллион адамға, жұмысшыларға, ауыл тұрғындарына, жалақысы төмен мұғалім мен дәрігерге, балабақша тәрбиешілеріне сенаттың түкке де керегі жоқ.          Сенат мүлдем керек емес!  Тоқетері сол. Бұл пайдасыз, шығыны көп пәлекеттің өзі не халыққа бағынбайды, елге есеп бермейді, халық оны тіпті сайламайды да. Сайламақ түгіл, сенаттың не істеп, не қойып жүргенін халық бақылай да алмайды.     Заң шығарушы орган ретінде қазіргі сенат Қазақ еліне соңғы жақсылығын жасап кетуі керек. Қазақстан Республикасын толықтай көпшілік дауыс беру жүйесі арқылы сайланатын бір палаталы парламентке көшіру туралы конституциялық заң бастамасын көтеруге және сол заңды әзірлеуге сенаттың толық құқығы бар екен. Ендеше сол құқығы мен өкілеттігін сенат қазір пайдалансын.       Құрметті қазақстандық сенаторлар! Елдегі күрделі экономикалық жағдайды көріп отырсыздар, шикізаттан түсетін бюджет табысы төмендеуде, қытай вирусының пандемиясы салдарынан халық қажып, әбден тозып, күнін әрең көріп отыр. Ел қиналып кетті.     Құрметті сенаторлар! Сіздерді ұяты, иманы мен ақылы бар, өз елі мен халқына жаны ашитын жүрегі бар еліміздің патриоттары деп білемін. Түсінемін, сіздерге сенаттағы жылы орынмен қоштасу қиын болар. Бірақ еліміз осындай күрделі жағдайға тап болғанда сіздер ішіңіз удай ашып тұрса да, халыққа қажетті, елге пайдалы шешім қабылдауларыңыз керек. Сіздерден өздеріңізді өздеріңіз таратып жіберу туралы шешім күтеміз. Осындай елім деп өлу ерлігіне пара-пар шешім үшін халық сіздерге ақ алғысын жаудырады. Ел сіздерден өзгеріс күтіп отыр.      Сенаторлар өзін-өзі таратса – бюджет ақшасы біршама үнемделіп, бірталай мектеп пен аурухана, балабақша мен басқа да елге қажетті құрылыстар жүргізе алар едік.      Билікте сіздер отырсыздар, дұрыс шешім мен оң қимылды сіздерден күтеміз. Дүр сілкінетін кез келді, бізге саналы жолмен жүретін Ұлы Қазақстан керек. Халықтың билікке деген азғантай сенімі енді мүлдем құрымай тұрғанда бір рет өзгеріп көріңіздерші! Азаматтық қоғам заңы бойынша халық билікке жалынбайды, халық оған талап қояды.        Сенаторлар! Қазақстан халқы 25 жылдан бері сіздердің сенатыңызды асыраудан шаршады. Ақылға тоқтап, тез арада тарап кетіңіздер, – дейді сөзін қорытындылаған үндеу авторы.

      Міне, қазақ ғалымы Нұртаза Қадырниязов тура осылай дейді. Сіз мұнымен келісесіз бе?

Тегтер: Без Тега
Әділ Ақылбай
Әділ Ақылбай Әділ Ақылбай

Оқыңыз