Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:20, 09 Шілде 2024

Сенат және Шымкент қаласы мәслихатының депутаттары не талқылады?

1

Маусымның аяғында парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, сенат пен мәжіліс депутаттары демалысқа кетті.

Парламенттің сегізінші шақырылымының екінші сессиясын сәтті аяқтаған халық қалаулылары енді өңір-өңірде тұрғындармен кездесіп, күзгі сессияға дейін ел жайымен танысады. 

Сол қатарда сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Шымкент қаласына барып, жергілікті мәслихат депутаттарымен кездесті. Жиналыста мемлекет басшысы жолдауда және ел үкіметінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларды орындау барысы сөз болды. Спикер өз сөзінде қаланың дамуына тигізетін сенаттың ықпалы және палата мен мәслихаттардың бірлескен жұмысының жаңа форматы туралы айтты. 

Мәулен Әшімбаев қазір елімізде әділетті Қазақстан құру, мемлекеттілікті нығайту және азаматтардың тұрмыс өресін жақсарту бағытында бірқатар реформа жүзеге асырылып жатқанын хабарлады.

«Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған реформалардың нәтижесінде әлеуметтік-экономикалық және саяси салада үлкен өзгерістер болды. Билік тармақтарының арасындағы теңгерімділік күшейіп, саяси бәсекелестік артты. Сондай-ақ мемлекеттік институттар кешенді түрде жаңғыртылды. Соның нәтижесінде қазіргі таңда ел экономикасының жаңа үлгісін қалыптастыру үшін дәйекті жұмыстар жүргізіліп келеді. Мұндай нақты қадамдар азаматтардың әл-ауқатын арттырып, өңірлердің дамуына тың серпін береді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Өңірлік мәслихат – тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс қарамағындағы аймақтың жай-күйіне жауапты жергілікті өкілді орган. Ол Қазақстан республикасының заңдарына сай жергілікті халықтың және жалпымемлекеттік мүддені ескере отырып, оны іске асыру үшін қажетті шараларды айқындап, олардың орындалуын бақылайды.

Шымкент қаласының мәслихат депутаттарымен кездескен Мәулен Әшімбаев үшінші мегаполистің жай-күйімен танысып, қала халқының жағдайынан хабар алды. Ол жергілікті депутаттармен бірге өңір экономикасын өркендетіп, жаңа Қазақстанға сай реформа жүргізу жұмыстарын талқылады. 

Сенат төрағасы парламенттің сегізінші шақырылымының екінші сессиясын қорытындылай отырып, сенат пен мәслихаттардың бірлескен жұмысының маңызды бағыттарын сөз етті. Сонымен қатар ол заң шығару қызметіне мәслихат депутаттары, азаматтық қоғам өкілдері және сарапшылар жұмылдырылғанын айтты. Сенат спикері жергілікті өкілді органның ұсыныстары мен бастамалары аймақтарды дамыту жөніндегі мәселелерді шешу кезінде маңызды рөл атқаратынын жеткізді. 

Әрине, елдегі негізгі заң шығарушы орган ретінде парламенттің рөлі жоғары. Бірақ жергілікті жердің проблемасын танып, оны шешу үшін мәслихат депутаттары маңызды рөл атқарады. Өйткені аймақтарда, облыстарда қандай маңызды мәселе туындап отырғанын мәслихат өкілдері жақсы біледі. Олар мәселенің мәнін анықтап, жауапты органдарға дер кезінде бағыттай білсе, ол оң шешімін табары анық. 

Сенат спикері сенаторлар өткен сессияда жергілікті әріптестерімен бірлесе жұмыс істегенін айтты. Оның айтуынша, кезекті сессияда парламент 102 заңды қабылдады. Оның ішінде қоғамдық бақылауды күшейту, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, адам саудасына қарсы іс-қимыл сияқты аса маңызды мәселелерге арналған заңдар бар. Сенат депутаттары үнемі аймақтарға барып, жергілікті әріптестерімен бірге тұрғындармен кездесіп, өзекті проблемаларды шешу амалын талқылап тұрды. Соның арқасында үкіметке және тиісті мемлекеттік органдарға 200-ден аса депутаттық сауал жолданды. Сол үшін күздегі жаңа сессия кезінде де сенат пен мәслихаттың бірлесе жұмыс істеуінің маңызы зор.

Сонымен қатар кездесуге қатысқан депутаттар елдегі үшінші мегаполистегі өзекті мәселелер, анығырақ айтқанда, қала инфрақұрылымы және логистика мәселелерін шешу барысын талқылады. Осы проблемаларды дер кезінде шешу үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлу мәселесі талқыға түсті. 

«Шымкентте жедел шешуді қажет ететін маңызды мәселелер бар. Бұл, ең алдымен, мемлекет басшысының тапсырмасымен халықаралық сауда-логистикалық орталығын салуға қатысты екенін атап өткен жөн. Батыс айналма жолын және басқа да бағыттардағы жолдарды салу да негізгі міндет. Шымкент үшін мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту орталығының құрылысы да өзекті. Сондықтан алдағы сессияда республика бюджетін қараған кезде сенаторлар аталған басымдықтарды және мәслихат депутаттарының ұсыныстарын назарға алады», – деді сенат төрағасы.

Сенат спикері сапар барысында мегаполистің белсенді жастарымен кездесіп, Шымкенттің дамуында жас буынға жүктелетін міндеттер аз емес екенін айтты. Ол жас қазақстандықтарды қолдауға арналған шаралар, осы саладағы мемлекеттік бағдарламалар және осы бағытта атқарылып жатқан жобалар жайлы сөз етті. Сонымен қатар ол елдегі жас таланттарға жаңа мүмкіндік сыйлайтын сенат жанындағы сарапшылар клубы мен талдау мектебінің қызметін таныстырды.

Әшімбаевтың айтуынша, Қазақстанда жастардың білім саласындағы әлеуетін арттырып, қызметте өсуіне қажетті жағдай жасалып отыр. Мемлекет елдің ертеңі болған жастарды жайлы баспанамен қамту мәселесін де басты назарда ұстап отыр. Биыл наурызда Атырауда өткен ұлттық құрылтайда әділетті Қазақстан идеясымен тығыз байланысты және дұрыс құндылықтар жүйесін қалыптастыруға ықпал ететін «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тұжырымдамасы жарияланды. Жастардың бойынан осы қасиеттер табылса, алға қойған мақсаттың орындалғаны болмақ. 

Кездесу соңында сенаторлар мегаполистегі белсенді ұзақ өмір сүру орталығына арнайы барды. Сонымен қатар халық қалаулылары бұған дейін палатаның тұрақты комитеттеріне Шымкенттегі «AZALA Textile» тоқыма фабрикасының жұмысшыларынан өтініш түскенін ескеріп, кәсіпорынның қызметімен танысу үшін аталған нысанды тексерді. Сондай-ақ депутаттар әуежайға барып, жаңа терминалдың жағдайымен танысты. 

Шымкент – халық саны бойынша да, экономикасы бойынша да Қазақстандағы үшінші ірі мегаполис. Сондықтан қалалық мәслихаттың мойнына ауыр жүк артылған. Олар миллионнан аса тұрғынның жайлы өмір сүруі үшін барын салуы қажет. Ал сенат төрағасы бастаған депутаттардың жергілікті жұртпен жолығып, парламенттің бұған дейінгі жұмысынан есеп беріп, алдағы жоспарын таныстырғаны оң бастама болғаны анық. 

Қуан Өмірхан
Шымкент қаласы