Руханият

Мина Сейітова атындағы дикторлар байқауының жеңімпаздары марапатталды

Ұлттың үнжариясы "Шалқар" радиосының 60 жылдық мерейтойы жыл басынан бері атап өтілуде.

байқау

Мерейтойлық шаралар аясында қазақтың тұңғыш радиодикторы, Қазақ радиосының ардагері, КСРО-ның Құрметті радисі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Мина Сейітова атындағы  дикторлар байқауы  жарияланған болатын. Байқаудың демеушісі – көрнекті жазушы "Ғабиден Құлахмет" қоры. Бұл байқауға үміткерлер жазушы Ғабиден Құлахметтің шығармашылығына кеңінен бойлады.

байқау
Фото: rtrk.kz/Мина Сейітова атындағы дикторлар байқауы

Дикторлар байқауында 17 мен 35 жас аралығындағы үміткерлер жазушы Ғабиден Құлахмет шығармаларынан екі минуттық мәтінді оқып, аудиофайлмен бірге өзінің қысқаша өмірбаянын  жолдаған болатын. Байқауда мектептің 11-сынып оқушыларынан бастап, колледж және ЖОО студенттері және әр  саланың мамандары өзінің бағын сынады. Жазушы шығармашылығына терең бойлап, өзі таңдап алған бөлімді тыңдаушыға шебер жеткізу және дауыс көркемдігі мен тіл анықтығын қазылар алқасы жіті бақылады. Бұл  байқауға 36 жұмыс келіп түсті. Байқау шартына бойынша жасы сәйкес келмей жұмысы қабылданбаған қатысушылар саны-5, Ә.Байжанбаев атындағы байқаудың жеңімпазы ретінде қатыса алмаған жұмыс саны-2.

Берікбол Төлеген
Фото: rtrk.kz/Берікбол Төлеген (оң жақта)

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені "Kultobe podcast" YouTube арнасының журналисі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің аға оқытушысы Берікбол Төлеген иеленді.

Бірінші орын "Тұран ТВ" телеарнасының журналист-редакторы Құрманқұл Дарын мен "Хабар" телеарнасының "Ойнайық!" бағдарламасының жүргізушісі, актер әрі шоумен Олжабай Дарынға бұйырды.

Екінші орынға Сүлеймен Демирел атындағы университеттің журналистика факультетінің 1-курс студенті Нұрғали Нұрайым мен Жетісу облысы Текелі қаласындағы № 5 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Серікұлы Әділет лайық деп танылды.

Үшінші орынға KIMEP университетінің менеджмент мамандығының студенті, Орталық Азия цифрландыру сарапшылары қауымдастығының (CADEA) вице-президенті әрі құрылтайшысы Сарқытбай Ерсұлтан, "Jibek Joly/Silk Way" телеарнасының эфирлік қамтамасыз ету қызметінің эфир аға редакторы Берғазденова Ақмарал және Есік қаласындағы "Есік гуманитарлық-педагогикалық" колледжінің "Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі" мамандығының 3-курс студенті Тұрғынбек Айбын ие болды.

Сонымен қатар байқау ұйымдастырушылары ынталандыру сыйлығын Астана қаласындағы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультетінің 3-курс студенті Мырзағалиев Асылға, Талдықорғандағы "Жетісу" радиосының редакторы әрі "Жолың болсын, жолаушы" бағдарламасының жүргізушісі Жұмаділ Арайымға, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің 2-курс студенті Айқын Малиге, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының 2-курс студенті Жолдас Рауанға және Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің электр энергетикасы мамандығының 1-курс студенті Орынбаев Ермұратқа табыстады.

Марапаттау рәсімі  "Қазақстан" ұлттық арнасының жаңа ғимаратының мәжіліс залында өтті.

Марапаттау рәісіміне "ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ"ЖШС Бас директоры Кушеров Нұртас Солтанұлы, "Қазақстан" РКТРК"АҚ Бас продюссері Болат Мұрсәлім, байқаудың бас демеушісі – жазушы Ғабиден Құлахмет қорының өкілі Тимур Төлегенұлы Темірболатов, ардагер диктор Аманжан Еңсебайұлы мен "Шалқар" радио ұжымы қатысты.

Ұйымдастырушылар байқауды өткізуге қолдау көрсеткен жазушы "Ғабиден Құлахмет" қорына алғыс білдірді.

Т. РАУШАНҰЛЫ
Т. РАУШАНҰЛЫ Т. РАУШАНҰЛЫ

Оқыңыз