Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
19:21, 18 Сәуір 2024

Шәпкеновтің аты шаппайтын болды

1
Фото:

Елімізде топан судың беті қайтар емес. Тасқыннан қатты зардап шегіп жатқан аймақтың бірі – Атырау облысы. Жылыой ауданындағы 70 мыңға жуық тұрғыны бар Құлсары қаласын су басты.

 3 мыңға жуық үй суға кетті. Қазір жұрт Ресейден келетін топанға дайындалып, әбігер үстінде. Дәл осындай қиын-қыстау кезеңде Атырау облысы әкімдігі «Ұлы дала тұлпары» атты аламан бәйге өткізуді жоспарлап, байқау жариялаған. Бұл үшін дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы 54,5 млн теңге бөлген. Желіде лот жариялана салысымен, бұл хабарландыру көптің наразылығын тудырды.

тендер
Фото: мемлекеттік сатып алу сайтынан скриншот

54 миллионның бәйгесі қалай өтеді?

Мемлекеттік сатып алулар сайтында ат жарысы туралы хабарландыру жарияланған. Тапсырыс беруші – мемлекеттік сатып алуларға жауапты маман Тілекқабыл Есдәулетов. Өтініштер 9-30 сәуір аралығында қабылданады. Байқау шарты бойынша тапсырысты орындаушы жарыстарды осы жылдың соңына дейін өткізуі керек. Бір қызығы, 7 сәуірде Атырау облысында су тасқынына байланысты табиғи төтенше жағдай жарияланған болатын.

Лоттың техникалық сипаттамасында ат жарысы өтетін жерге ұзындығы 10 метр, биіктігі 3 метр, қазақи нақыштармен, декорлармен безендірілген, екі жағынан кіріп-шығуға арналған баспалдағы бар сахна және турникет қойылатыны және 8 төреші тағайындалатыны жазылған. Одан бөлек, шабандоздарға 140 дана киім сатып алынуы керек. Киімнің ақ, көк, қызыл және сары түсті, әрқайсысы 35 данадан болуы тиіс екені құжатта көрсетілген.

«Мал дәрігері, келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін жергілікті полиция және жедел жәрдем қызметкерлері, видео оператор, фото оператор тартылып, 15 дана сертификат, 15 дана кубок, 15 медаль алынуы керек. Сатып алу жеңімпазы әуеден түсіретін бір дрон оператормен қамтамасыз етуі керек» деп жазылған техникалық сипаттамада.

Құжатта бәйгеден 15 күн бұрын Атырау-Индер, Атырау-Махамбет шыға беріс жол бойына және қала ішіне 3х6 метрлік 6 дана баннер орнату шарттары да қарастырылған.

Шарттардың тағы бірі – бәйге Атырау облысында төрт кезеңге бөлініп өткізілуі тиіс. Алдымен аламан бәйге, одан кейін топ бәйге, құнан жарыс, тай жарыс ұйымдастырылады. Бірақ жарыстардың нақты қай күні өткізілуі белгіленбеген. Тек алғашқы кезеңі ашылу, одан кейін тапсырыс орындаушы басқармамен келісе отырып, облыстағы мерекелік күндерге орай бәйгелерді өткізіп отырады. Төртінші кезең қала күніне орай ұйымдастырылуы шарт. Ал Атырау қаласы қала күнін 7 қазанда тойлайды. Демек, байқауды жеңіп алатын ұйымдастырушылар төрт кезеңнен тұратын бәйгені жыл соңына дейін өткізуі қажет.

Аталған байқау туралы Атырау облысы әкімдігіне хабарластық. Әкімдіктегілер конкурстың төтенше жағдайдан бұрын жоспарға енгізілгенін алға тартып, ақталды. Бірақ өңірде жоғарыда айтып кеткендей, төтенше жағдай 7 сәуірде жарияланған, ал лот мемлекеттік сатып алу сайтына 9 сәуірде шыққан.

«Сатып алу нәтижесін жариялау 30.04.2024 жылға жоспарланған болатын. 7 сәуірде Атырау облысы аумағында табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі жариялануына байланысты дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы «Ұлы дала тұлпары» бәйгесіне арналған конкурсты өткізуді тоқтату туралы шешім қабылдады. Мемлекеттік сатып алу сайтында 9 сәуірде жарияланған конкурс жарамсыз деп танылды. Әкімдіктің барлық құрылымдық органы төтенше жағдай кезінде мұндай бастамаларға жол берілмейтіндігі туралы хабардар етілді. Қазіргі уақытта ешқандай жарыс өткізу жоспарда жоқ», – деп жауап берді Атырау облысы әкімдігі.

Осы жерде айта кететін жайт, бәйге Атыраудағы ат спортын дамыту мақсатында былтыр да өткізілген. Ол кезде байқау 40 млн 500 мың теңгеге жарияланған еді. Конкурсты Атырау облысының бәйге федерациясы қоғамдық бірлестігі жеңіп алған.

Не де болса, төтенше жағдай жариялағаннан екі күн өткеніне қарамастан конкурс жариялап, бәйге өткіземіз деп жүрген облыс әкімдігі де, оған қарайтын басқарма да тасқын су жылдағыдай желе-жортып өтіп кетеді деп ойлаған сияқты. Сосын, әрине, жұрттың реакциясын да есепке алмай болмайды. Ал әкімдік әлі күнге тендерлер сайтында тұрған лотты ел әбден шулап кеткеннен кейін «жарамсыз деп таныдық» деп, әлдеқандай қылмай, «елдің наразылығынан кейін бәйгені өткізбейтін болдық, оған кеткен ақшаны тасқыннан зардап шеккен ауылдарға бөлеміз» дей салса абырой болар еді...

Бек Раушанұлы

Тегтер: