«ШеберFEST-2026» фестивалінде 4000-нан астам авторлық жұмыс ұсынылды
Атырауда «ШеберFEST-2026» халықаралық қолөнершілер фестивалі басталды. Сұлтан Бейбарыс алаңы нағыз шеберлер қалашығына айналды: мұнда жартылай киіз үй форматындағы аймақтар орнатылып, кез келген адам халық шығармашылығымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.
Ауқымды фестивальге Қазақстан, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген 100-ге жуық сәндік-қолданбалы өнер шебері қатысты. Олар киізден жасалған бұйымдар мен зергерлік әшекейлерден бастап, ағаш ою, ұлттық музыкалық аспаптар, тоқымашылық және этнодизайнға дейінгі 4 000-ға жуық авторлық туындыны көрермен назарына ұсынды.
Фестивальге қатысқан облыс әкімі Серік Шәпкенов экспозицияны аралап көріп, халық қолөнерін сақтау мен дәріптеудің маңыздылығын атап өтті.
— Халық қолөнері — ұлттың жаны мен болмысы, онда қазіргі шеберлер ұқыпты сақтап келе жатқан ата-бабалардың еңбегі, таланты мен рухани мұрасы бейнеленген. Атырау облысы — тарихы бай, дәстүрі терең, мәдениеті бірегей аймақ. «ШеберFEST» фестивалі — халық шеберлерін қолдау және ұлттық өнерді жастар арасында дәріптеу үшін маңызды шара, — деді С. Шәпкенов.
Ұлттық мереке атмосферасын этнодефиле, дәстүрлі тағамдар көрмесі және қазақтың ұлттық ойындары толықтыра түсті. Фестиваль жергілікті әртістердің қатысуымен өтетін концерттік бағдарламамен жалғасады, ал кештің хедлайнері қазақстандық әнші BAYANSULU болды.
Айта кетейік, фестиваль 23 мамырға дейін (қоса алғанда) жалғасады. Келушілерді шеберлік сабақтары, концерттік бағдарламалар және қазақ халқының бай мәдени мұрасымен танысу күтеді. Шетелдік және қазақстандық шеберлер құрақ құрау, ұлттық керамика, сазбен жұмыс істеу және «біз кесте» өнерінің құпияларымен бөліседі. Қатысушылар қолөнершілердің жұмысын тамашалап қана қоймай, өз қолдарымен бұйымдар жасап көре алады.