Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:35, 22 Мамыр 2024

«Шетел агенті» заңын қабылдаса Грузияға қарсы санкциялар салынуы мүмкін

d
Фото: из открытых источников

ЕуроОдақтың бірнеше елі – Эстония, Чехия, Нидерланды және Швеция Грузия билігі «Шетел агенті» заңын қабылдаса, Грузияға қарсы санкциялар салуды талап етті. Бұл туралы британдық Financial Times басылымы хабарлады.

Грузияда даулы заң жобасына қарсы наразылықтар бір айдан астам уақыт бойы жалғасып жатыр. Бұған дейін заң жобасына Грузия президенті вето (ауызша не жазбаша тыйым) қойған болатын. Бірақ биліктегі «Грузин арманы» партиясы президенттің тыйым салу шешімін өзгертпек. Болжам бойынша, ветоға қарсы дауыс беру келесі аптада өтуі мүмкін.

Еуроодақ басшылары Грузияға қарсы ЕО-мен визасыз режимді тоқтату, нақты тұлғаларға бағытталған санкциялар және қаржылық көмекті тоқтату туралы ұсыныстарды келесі аптада қарастырмақ.

Financial Times басылымының хабарлауынша, Эстония, Нидерланды, Чехия және Швеция санкциялар енгізуді ұсынған. Сонымен бірге, басылымның жазуынша, еуропалық астаналарда Грузия үкіметіне ықпал ету және оны «Шетел агенті» заңының қабылдануынан бас тартуға көндіру үшін басқа да түрлі шаралар талқыланып жатыр. Егер бұл заң қабылданса, Грузияның Еуропалық Одаққа кіру процесіне айтарлықтай кедергі болады.

Грузияға қарсы санкцияларды енгізу мүмкіндігі тек Еуроодақта ғана емес, бірқатар американдық саясаткерлер тарапынан да айтылуда. Олар Грузия билігіне қарсы шектеу шаралары, атап айтқанда, қаржылық активтерді бұғаттау және «Шетел агенті» заңының қабылдануына жауапты саясаткерлер мен олардың отбасыларына визалық тыйым салынуы мүмкін екенін бірнеше рет ескерткен болатын.

Грузия билігі Заң жобасын қазір үшінші оқылымда мақұлдады. Өткен демалыс күндері Грузия президенті Саломе Зурабишвили вето қойған.

Фото: Reuters/Scanpix/LETA

 

Тегтер: