«Шығыс шақырады» жобасы – тың бастама
Еліміздің Шығыс өңірі тартымды табиғатымен, шұрайлы топырағымен, қазынаға толы тау қойнауларымен көз тартатыны баршамызға белгілі. Сондықтан болар, жылдың төрт мезгілінде де Шығыс Қазақстан облысының көрікті жерлерін тамашалауға келетіндердің қарасы мол.
Ал, биыл «елге ел қосылса құт» дегендей, бұл аймаққа тұрақты тұрмақ мақсатта қоныс аударып, ісін дөңгелеткісі келетіндер қатары тіптен көбейе түскен.
Бұның тағы бір себебі Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың тапсырмасымен қолға алынған «Шығыс шақырады» өңірлік жобасымен тығыз байланысты. Аталған жоба аясында өңірде халық санын арттыруға баса назар аударылып, еңбек ресурстарын тиімді бөлу, әсіресе, шекара маңындағы аудандарды дамыту жайы кеңінен қамтылған. Қазіргі күнде осы бағыттағы жұмыстар қарқынды орындалуда.
Шығыс өңір негізінен еліміздегі қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдайтын негізгі аймақтардың бірі деуге болады. Мәселен, 2017-2025 жылдар аралығында облысқа 2209 отбасы құрамында 6290 адам көшіп келген. Оның ішінде 1784 адам Қытаймен шекаралас аудандарға қоныстандырылды.
Өткен 2025 жылы өңірге 794 адам бетке алса, олардың 269-ы қандас, 525-і еңбек күші артық өңірлерден қоныс аударушылар санатынан көшіп келген.
Мәслен, Катонқарағай ауылына Дәурен Сыдықов отбасымен Түркістан облысынан көшіп келіпті. Жұбайы Әлия Исмаилова екеуі бес бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасы.
«Туған жерді көзің қиып артқа тастап, мыңдаған шақырым жерге көшу оңай емес, әрине. Бірақ мемлекет ұсынып отырған мүмкіндіктерді зерттедік. Балалардың болашағын ойлай келе, тәуекелге бел будық. Бір қуанатынымыз ешкім жатырқаған жоқ. Қайта қол ұшын созып, бағыт-бағдар көрсетті. Қазір жұмысымыз бар, балаларымыз мектепте оқып жүр. Қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Бұл жақтың табиғатына да, адамдарына да тез үйрендік», – дейді офтальмолог дәрігер Д. Сыдықов.
Оның келуі аудан үшін ерекше жаңалық болған. Өйткені, 1990-жылдардан бері Катонқарағай өңірінде офтальмолог маман болмаған екен.
Көп балалы отбасы иелері балаларының денсаулығындағы оң өзгерістер барын да байқап, көңілдері орныққан жай бар.

«Түркістанда жүргенде кейбір балаларымыз аллергиямен жиі ауыратын. Ал Катонқарағайға көшіп келгеннен кейін таза ауа мен табиғаттың әсері ме, аллергиялары басылып, өздерін әлдеқайда жақсы сезіне бастады. Бұл біз үшін үлкен бақыт. Ең бастысы – болашаққа деген сеніміміз нығайды»,– дейді Әлия.
Осынау бір ғана мысалды негізге алсақ, «Шығыс шақырады» бағдарламасының өңірдегі кадр тапшылығын азайтуға да әсері барын байқауға болады.
Жалпы «Шығыс шақырады» жобасы аясында еңбекке қабілетті азаматтардың 58 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылған. Көші-қон үдерісін қолдау мақсатында өткен жылы 496 млн теңге көлемінде мемлекеттік көмек көрсетілген. Бұл қаражат көшу шығындарын өтеуге, тұрғын үй жалдауына және экономикалық ұтқырлық сертификаттарын беруге бағытталды.
Бағдарлама аясында жаңа бастамалар да баршылық. Биыл ауылдық жерлерге көшіп келген азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау үшін жалпы сомасы 65 млн теңгені құрайтын 20 грант бөлу жоспарланып отыр. Қаржы жол бойындағы сервис, туризм, қонақ үй және өндіріс салаларын дамытуға жұмсалатын болады.
Тағы бір айтар жайт, білікті мамандарды тарту мақсатында «Шығыс маманы» пилоттық жобасы іске қосылды. Жоба аясында 5 пайыздық жеңілдетілген ипотекалық несие ұсынылып, бастапқы жарна ретінде 7 млн теңгеге дейін сертификат беріледі. Ал «Құтты өңір» жобасы шеңберінде ауылдардағы бос үйлер жөнделіп, қоныс аударушыларға берілуде. Қазіргі уақытта Марқакөл ауданында бірнеше тұрғын үй қалпына келтіріліп, жаңа отбасылар қоныстанған.
Кадр тапшылығын азайту мақсатында ауыл жастарына білім гранттары бөлінуде. Бағдарлама талаптарына сәйкес түлектер оқуын аяқтағаннан кейін ауылдық жерде кемінде бес жыл еңбек етуі тиіс.
2026 жылға облысқа 800 адамды қабылдау квотасы бекітілген. Оның ішінде 200 қандас пен 600 қоныс аударушы бар. 2026 жылғы 17 маусымдағы жағдай бойынша өңірге 122 қандас (47 отбасы) және 563 қоныс аударушы (158 отбасы) қабылданған.
Сәтжан Қасымжанұлы,
Шығыс Қазақстан облысы