Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:42, 06 Маусым 2024

Шымкентке тартылған 1,7 миллиард доллар инвестиция қайда жұмсалады?

Шымкент

Қазақстан Республикасында қазір 3 мегаполис бар. Олар – Астана, Алматы және Шымкент. Шымкент қаласының облыстан бөлініп, республикалық маңызы бар қала болғаны кеше ғана. Соған қарамастан қала қоғамдық-саяси және экономикалық тұрғыда қарқынды дамып келеді.

Шымкент қаласында қазір 1,2 миллион адам тұрып жатыр. Бұл Астана тұрғындарының санымен шамалас. Әлемдік стандарт бойынша мегаполис деп бірнеше миллион тұрғыны бар, инфрақұрылымы дамыған ірі қаланы айтады. Мегаполис деген атаққа ие болған қала мемлекет немесе аймақ үшін маңызды экономикалық, саяси және мәдени орталық болуы қажет.

Мегаполис өз мемлекетінің экономикалық және өндірістік орталығы болумен қатар, алыс-жақындағы шет мемлекеттермен де тікелей қарым-қатынас орната алады. Сол қатарда Шымкент қаласы да көрші елдермен тікелей экономикалық қарым-қатынас құрып, сауда-саттық жүргізіп отыр. Яғни шетелден тікелей инвестиция тарта алады.

Мысалы, Шымкент қаласы биыл қытайлық және түркиялық компаниялармен инвестиция көлемі 2 миллиард теңгеден асатын келісімшартқа қол жеткізді.

Атап айтқанда, жақында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен Fujian Hengwang Investment Co., Ltd компаниясының басқарма төрағасы Лю Юнмин қалада металлургиялық зауыт салу туралы меморандумға қол қойды. Келісімшарт бұған дейінгі кездесулерде жасалған келісімдар бойынша жүзеге асты.

Бұған дейін мегаполис басшысы инвесторларды зауыт салынады деп жоспарланып отырған «Темір» индустриялық аймағымен таныстырған. Бұл жобаны жүзеге асыру барысында Fujian Hengwang Investment Co., Ltd компаниясы Шымкент экономикасына шамамен 1 миллиард 750 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйып, мыңнан аса жаңа жұмыс орнын ашады.

Келісімшарт бойынша металлургиялық зауыт үш кезеңде салынып болады, оған бес жыл уақыт жұмсалады деген жоспар бар. Зауыт іске қосылған соң жылына бес миллион тонна өнім шығара алады. Кәсіпорын әлемдегі ең озық технологияларды пайдаланып, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге міндетті болады.

Шымкент әкімі компания басшыларына мегаполиске қызығушылық білдіріп, өңірдегі өнеркәсіп саласын дамыту мақсатында тікелей инвестиция салғаны үшін алғыс айтты. Сонымен қатар қолға алған жобаны толық жүзеге асыру үшін қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Оған жауап ретінде шетелден келген инвесторлар қазіргі таңда Шымкент қаласында инвестиция тартуға қажетті барлық жағдай жасалғанын атап өтті. Сондай-ақ аталған зауыт іске қосылған соң өзге де бірнеше маңызды жобаны жүзеге асыру жоспарланып отырғанын жеткізді.

Біз сөз етіп отырған Fujian Hengwang Investment Co., Ltd компаниясы шағын ұжым емес. Ол болат өндірісі мен халықаралық саудада үлкен тәжірибе жинаған Jiangsu Coastal Steel Group Co., Ltd деп аталатын ірі корпорациясының бір бөлігі саналады. Шымкент қаласының әлемдік деңгейдегі әрі кәсіпорынмен серіктестік орнатқаны, өңір экономикасына оң әсер етуі мүмкін.

Сондай-ақ қалада қуаттылығы 500 МВт болатын комбинирленген циклді станса салу жоспары да жүзеге асып жатыр. Бұл жобаның жалпы құны шамамен 700 миллион АҚШ долларынан асады. Ауқымды инвестициялық жоба жүзеге асса қала тұрғындарын сапалы электр және жылу энергиясымен, сондай-ақ ыстық сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.

Сонымен қатар Түркияның Alarko Holding компаниясы Шымкент қаласында жаңа форматтағы жылыжай кешенін салып жатыр. Бұл жобаның құны 650 миллион АҚШ доллары болады деп бағаланған. Аталған инвестициялық жоба жалпы көлемі 500 гектар аумақта екі мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Оның үстіне бұл жоба өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін жақсартып, жаңа өндірістерді енгізу арқылы жылыжай бизнесін дамытуға ықпал етеді деп жоспарланған.

Шымкент қаласының экономикасы кезең-кезеңімен дамып келеді. Мысалы, 2023 жылы қаладағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 952,2 миллиард теңгеге жетіп, бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 2,1 пайыз атты. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 100,7 пайыз өсім көрсетті. Инвестиция көлемі 622,1 миллиард теңге болды. Бұл – 2022 жылғы нәтижеден 21,3 пайыз көп.

Сондай-ақ қаланың жалпы сауда көлемі 2 106 миллиард теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 6,2 пайызға артты. Оның ішінде бөлшек сауда – 732,3 миллиард теңге болып, нақты көлем индексінің өсімі 118,5 пайызға жетті. Ал көтерме сауда көлемі – 1 368,3 миллиард теңге болды, оның жалпы көлем индексі – 100,9 пайыз.

Қазір әлемде бір мемлекеттің бәсекеге қабілетін экономика салаларына қарап емес, қалаларына қарап анықтайды. Соған сай инвестиция мемлекетке емес, қалаға келеді. Жер бетіндегі ең қарқынды бәсеке қалалар арасында жүріп жатыр. Қазір қалалардағы жалпы ішкі өнім әлемдік жалпы ішкі өнімнің 80 пайыздан астамын ұстап отыр.

Қалада адамдар, ресурстар мен капитал шоғырланады. Демек, қала ықпалының өсуі – әлемдік тренд. Осы қағиданы ескерсек, қалаларымыздың мемлекеттік бюджеттің бүйірін тесетін қолбала емес, шетелден инвестиция тарта алатын жеке экономикалық күш болғаны маңызды. Биыл Шымкент шаһарына тартылған 2 миллиард теңгеден асатын инвестиция халықтың тұрмыс әлеуетін жақсартуға оң әсер етуі керек.

Қуан Өмірхан

Тегтер: