Шымкентте 11 жастағы бала жүк көлігінің астында қалып қаза тапты
Шымкентте жол апаты салдарынан 11 жастағы мектеп оқушысы көз жұмды.
Алдын ала мәлімет бойынша, коммуналдық мекемеге тиесілі жүк көлігі баланы қағып кеткен. Ауыр жарақат алған бала оқиға орнында қайтыс болған.
Қайғылы оқиға қаланың шет жағындағы Қайнарбұлақ тұрғын алабында болған.
Туыстарының айтуынша, бала әпкесімен бірге дүкенге балмұздақ алуға шыққан.
Балалар жаяу жүргіншілер өткелі арқылы жолдан өтіп бара жатқан кезде ауыр жүк көлігі оларды қағып кеткен. Қыз бала шетке секіріп үлгергенімен, оның інісі көліктің дөңгелегі астында қалып қойған.
Марқұм бала кеше жер қойнына тапсырылды.
Қаза болған оқушының ата-анасы кінәлі адамға ең қатаң жаза қолдануды талап етіп отыр.
Әкесінің айтуынша, балалар тұрғын алап аумағындағы арнайы белгіленген «зебра» арқылы өтіп бара жатқан.
Шымкент қалалық полиция департаменті жүргізушінің ұсталып, қамауға алынғанын хабарлады.
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, жүк көлігі арнайы айып тұрағына қойылған.
Алдын ала ақпарат бойынша, жүргізуші Шымкенттің Абай ауданындағы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарымен айналысатын коммуналдық мекеменің қызметкері болуы мүмкін.
Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.