Шымкенттегі әскери-патриоттық тәрбие: рух, тәртіп және жауапкершілік
Отанды сүю – ұранмен өлшенбейді. Ол туған жердің қадірін білу, ел тарихын құрметтеу, мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну және қажет кезде ел қорғауға дайын болудан көрінеді.
Сондықтан әскери-патриоттық тәрбие дегеніміз – жасөспірімге әскери киім кигізіп, сап түзетуді үйретумен ғана шектелмейтін кең ұғым. Оның өзегінде азаматтық сана, тәртіп, төзім, батылдық және елге қызмет етуге деген ішкі дайындық жатыр.
Бұл бағыт әсіресе жастар саны көп Шымкент сияқты ірі қала үшін маңызды. Мұнда әскери-патриоттық тәрбие мектеп пен колледждегі оқу-тәрбие жұмыстарымен қатар әскери бөлімдермен, ардагерлер ұйымдарымен, жастар ұйымдарымен және спорттық құрылымдармен бірлескен іс-шаралар арқылы жүзеге асырылып келеді.
Бүгінгі жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетті қалыптастырудың бір ғана жолы жоқ. Бір бала тарихты білу арқылы елін сүйсе, екіншісі спортпен шұғылданып, тәртіп пен жауапкершілікті үйренеді. Үшіншісі әскери мамандыққа қызығуы мүмкін. Сондықтан әскери-патриоттық тәрбиенің мазмұны да заман талабына сай кеңейіп келеді.
Шымкентте бұл бағытта «Жас сарбаз» қозғалысы, әскери-патриоттық клубтар, «Айбын», «Qaisar» секілді әскери-қолданбалы жарыстардың маңызы артып отыр. Мұндай шаралар жасөспірімдерді тек бәсекеге емес, командалық жұмысқа, өзара көмекке, белгіленген тәртіпті сақтауға және қиындыққа төтеп беруге үйретеді.
Мәселен, 2026 жылы Шымкентте «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынының қалалық іріктеу кезеңіне қала мектептерінен іріктелген 15 команда қатысты. Қатысушылар «Айбын жұлдызы», «Айбын дарыны», «Смарт сарбаз» және жүзу бағыттары бойынша сынға түсті. Мұндай жарыстардың ерекшелігі – жастардың білімін, дене дайындығын және әскери-қолданбалы қабілетін қатар дамытуында.
Ал техникалық және кәсіптік, орта білім беру ұйымдары арасында өткен «Айбын-2026» әскери-патриоттық сайысына Шымкенттің 16 колледжінен 100 студент қатысты. Жарыс жастардың Қарулы күштерге деген оң көзқарасын қалыптастырумен қатар дене дайындығын жетілдіруге, әскери-қолданбалы дағдыларын дамытуға бағытталған.
Бұл жерде маңыздысы – жасөспірімнің әскери салаға қызығушылығын ояту ғана емес, оның бойында жауапкершілік сезімін қалыптастыру. Өйткені Отан қорғау ұғымы алдымен азаматтың өз міндетіне адалдығынан басталады.
Әскери-патриоттық тәрбиенің тиімділігін арттыратын тәсілдердің бірі – теорияны тәжірибемен ұштастыру. Ұзақ дәріс тыңдағаннан гөрі, нақты тапсырманы орындау, қиындықты бірге еңсеру, белгіленген уақыт ішінде шешім қабылдау жасөспірімнің мінезін шыңдай түседі.
Осы тұрғыдан алғанда Шымкентте өткізілетін «Qaisar» әскери-патриоттық ойындарының орны ерекше. 2025 жылы қалада өткен ойындарға 22 білім беру ұйымынан 110 оқушы қатысқан. Қатысушылар «Сарбаз жолы» тактикалық кедергілер жолағы, мини-эстафета, «Мерген ару», «Рухты Сарбаз» және ұлттық ойындар сияқты кезеңдерден өткен.
Мұндай сынақтар жасөспірімге бір қарағанда қарапайым көрінгенімен, оның бойындағы төзімділік, жинақылық, шапшаңдық пен командалық жауапкершілікті қалыптастыруға ықпал етеді. Бірі сүрінген жерде екіншісі қолдау көрсетеді. Біреудің жеңісі бүкіл команданың жеңісіне айналады. Әскери тәртіптің де, азаматтық жауапкершіліктің де негізі осындай ортада қалыптасады.
Шымкентте әскери-патриоттық тәрбие беру жұмыстары мектеп қабырғасымен ғана шектелмейді. Жастардың әскери бөлімдермен танысуы, әскери қызметшілермен кездесуі, ардагерлердің өмір жолын тыңдауы, әскери мамандықтар туралы ақпарат алуы – осының бәрі жас ұрпақтың ел қорғаушысы туралы түсінігін кеңейтеді.
Ардагерлермен кездесудің де тәрбиелік мәні ерекше. Тарихты кітаптан оқу бір басқа, ел басына күн туған кезеңдерді өз көзімен көрген адамның әңгімесін тыңдау бір басқа. Өткенді білмей, бүгінгі бейбіт күннің қадірін түсіну қиын. Сондықтан ерлік сабақтары мен тағылымды кездесулер әскери-патриоттық тәрбиенің мазмұнын байытады.
Әскери-патриоттық тәрбиені тек әскери қызметке дайындық ретінде қарастыру – оның ауқымын тарылту. Патриотизмнің алғашқы белгісі – өз міндетін адал орындау. Жақсы оқу, қоғамдық тәртіпті сақтау, үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық, туған қаланың тазалығына жауапкершілікпен қарау, ел тарихын білу де Отанға қызмет етудің көрінісі.
Бұл тұрғыда жастардың әскери-патриоттық іс-шараларға қатысуы олардың азаматтық белсенділігін арттыруға ықпал етеді. Әскери қызметтің мәнін түсінген жас Отан қорғауды тек қару ұстаумен емес, ел алдындағы жауапкершілікпен байланыстыра бастайды.
Шымкентте әскери-патриоттық бағыттағы жұмыстардың тағы бір маңызды қыры – жастарды әскери қызметке моральдық және физикалық тұрғыдан дайындау. 2026 жылғы көктемгі әскерге шақыру науқаны кезінде де жастарды әскери борышын өтеуге тарту және әскери-патриоттық тәрбиені нығайту міндеті атап көрсетілді.
Әрине, мұндай тәрбиенің нәтижесі бір күнде көрінбейді. Жасөспірімнің бойындағы патриоттық сана отбасындағы тәрбиеден басталып, мектепте жалғасып, қоғамдық ортада қалыптасады. Сондықтан бұл бағытта ата-ана, ұстаз, әскери қызметші, ардагер және жастар ұйымдарының өзара байланысы маңызды.
Шымкенттің тәжірибесі көрсеткендей, әскери-патриоттық тәрбиенің пәрменін арттыру үшін жастарға тек «Отанды сүйіңдер» деп айту жеткіліксіз. Оларға Отанды сүюдің нақты үлгісін көрсету қажет. Ел тарихын таныту, батырлардың өнегесін дәріптеу, әскери қызметтің қыр-сырын көрсету, спорт пен әскери-қолданбалы дайындықты қатар дамыту – осының бәрі жас адамның азамат ретінде қалыптасуына әсер етеді.
Жәнібек Әшімов
Шымкент қаласы