Ішкі істер министрлігі Германияда қаза тапқан экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның ісіне қатысты пікір білдірді
Ішкі істер министрлігі Германияда қаза тапқан бұрынғы судья Айгүл Сайлыбаеваға қатысты қылмыстық істің тергеу барысы туралы мәлімет берді.
Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділовтің айтуынша, қазіргі уақытта бұл іске байланысты негізгі күдіктілер ретінде марқұмның жұбайы Александр Донцов пен енесі Наталья Донцова қарастырылып отыр. Олардың екеуі де қазір Ресей аумағында.
Министрлік өкілінің мәліметінше, Қазақстан тарапы барлық қажетті халықаралық сұрауларды жолдап, тергеу жұмыстарын бірнеше бағытта қатар жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, ТМД елдерінің Қылмысқа қарсы күресті үйлестіру бюросы және Интерпол арналары арқылы өзара іс-қимыл жүзеге асырылуда. Сонымен бірге қазақстандық тергеу органдары Германиядағы әріптестерімен тұрақты байланыста.
Вице-министр жәбірленуші тарап ұсынған барлық деректер толық тексерілгенін және соттың күдіктілерге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын сырттай санкциялағанын атап өтті. Қазіргі таңда істі әрі қарай тергеу жұмыстары Қазақстан Бас прокуратурасының құзыретінде. Бұл орган Ресей мен Германияның құзырлы мекемелерімен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатыр. Істің қай елде түпкілікті қаралатыны туралы нақты шешім әзірге қабылданбаған.
Бұл мәселе бойынша қосымша ақпаратты Бас прокуратура кейінірек жариялайды.