Швейцария соты Өзбекстанның экс-президентінің қызына қатысты істі тоқтатты
Швейцарияның Федералдық қылмыстық соты Өзбекстанның экс-президенті Ислам Каримовтың қызы Гүлнара Каримоваға қатысты қозғалған істі тоқтату туралы шешім қабылдады.
Соттың мәліметінше, істің тоқтатылуына Каримованың өз елінде ұзақ мерзімді жаза өтеп жатқаны себеп болған. Ол қазіргі жағдайда, 2028 жылдың желтоқсанына дейін Өзбекстаннан шыға алмайды, сондықтан Швейцариядағы процесті жалғастыру мүмкін емес деп танылған.
Каримова бұған дейін жемқорлық, ақшаны заңсыз айналдыру және қылмыстық топты басқару баптары бойынша айыпталған болатын. Алайда сот бұл іс бойынша процестік кедергілер бар екенін атап өтіп, істі архивке жіберу туралы шешім қабылдады. Бұл шешім тек Гүлнара Каримоваға қатысты. Ал Lombard Odier банкі мен оның бірқатар қызметкерлеріне қатысты тергеу амалдары әлі де жалғасып жатыр.
Айта кетейік, 2020 жылы Өзбекстан Жоғарғы соты Каримованы кінәлі деп танып, 13 жылдан астам уақыт бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған еді. Қазіргі уақытта ол Ташкент маңындағы әйелдер колониясында жазасын өтеп жатыр.