Без Категории

Шымкентте Азаттық тілшісіне кедергі жасады, Нұр-Сұлтанда Азаттық тілшісін ұстап босатты

21 қыркүйекте Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкентте "рұқсат етілмеген митинг" өтіп, полиция ондаған азаматты ұстады.

Шымкентте Азаттық тілшісіне кедергі жасады, Нұр-Сұлтанда Азаттық тілшісін ұстап босатты

Түскі сағат 14.30 шамасында Нұр-Сұлтанда полицияның Азаттық тілшісі Сәния Тойкенді ұстағаны белгілі болды. Тілшінің қолында редакция тапсырмасы, тілші куәлігі болған.

Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Малыбаев "егер журналист болса, босатады" деп жауап берді. Сәлден соң полиция Сәния Тойкенді босатты.

Шымкентте "қара түсті қолшатыр ұстаған екі адам оқиға орнынан хабар таратып жүрген Азаттық тілшісінің жұмысына кедергі жасап, камерасын қолшатырмен жабуға тырысты. Мұнда полиция бүгін жиырмадан астам адамды ұстаған. Олардың арасында кәмелетке толмаған бір бала да болған.

Мұндай оқиғалар алғаш рет болып отырған жоқ. 6 шілде — астана күнгі наразылық кезінде Нұр-Сұлтанда белгісіз біреулер Азаттық тілшілеріне газ шашып, маска киген адамдар журналистер жұмысына бөгет жасаумен болды. Осы күні Шымкентте де маска киіп, қара көзілдірік таққан қолында қара зонтигі бар адамдар Азаттық тілшісінің жұмысына кедергі келтіріп, полиция ұстауларын түсіртпеуге тырысты.

Шілденің соңында журналистер сұрағына берген жауабында ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Азаттық қызметкерлеріне қарсы газ… шашпаған деп айтты. "Баллоннан [газ] бүріккен жоқ" деді министр. Сәния Тойкенді полиция наурыз айынан бері бірнеше рет ұстап, босатқан.

Қазақстан қылмыстық кодексінде журналистер жұмысына кедергі келтіргені үшін екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. "Әділ сөз" қоғамдық қорының мәліметінше, соңғы 19 жылда елде журналистер жұмысына кедергі жасаған 820 оқиға тіркелген. Мемлекеттік органдарға ондаған өтініш берілгенімен, кінәлілерден тек санаулы адам ғана жауапқа тартылған. Тек бір ғана іс бойынша сот БАҚ пайдасына шешім шығарған деп хабарлайды "Әділ сөз".

"Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымы 2018 жылдың қорытындысы бойынша түзген баспасөз бостандығы тізімінде Қазақстан әлемдегі 180 елдің арасында өткен жылғы көрсеткіштен бір орынға төмендеп, 158-ші боп тұр.

Тегтер: Без Тега
Қуаныш  Қаппас
Қуаныш Қаппас Қуаныш Қаппас

Оқыңыз