Сыр елі Рәміздер күнін атап өтті
Мемлекеттік рәміздер – кез келген тәуелсіз мемлекеттің ең басты құндылықтарының бірі. Олар елдің егемендігін, тұтастығын, ұлттық болмысын және тарихи жолын бейнелейді. Қазақстан Республикасының Туы, Елтаңбасы мен Әнұраны халқымыздың азаттыққа ұмтылған асыл арманын, мемлекет құру жолындағы күресін және жарқын болашаққа деген сенімін айшықтайды.
1992 жылдың 4 маусымында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері ресми түрде бекітілді. Содан бері бұл күн ел өміріндегі маңызды мерекелердің біріне айналды. Мемлекеттік рәміздер күні – халқымыздың өткеніне тағзым етіп, бүгінгі жетістіктерін бағамдап, болашаққа деген сенімін нығайтатын ерекше мереке.
Биыл Қызылорда облысында Мемлекеттік рәміздер күні жоғары деңгейде аталып өтті. Өңірде ұйымдастырылған іс-шаралар елдік рухты көтеріп, патриоттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталды.
Мерекелік шаралардың бірі Қызылорда қаласындағы Мемлекеттік рәміздер аллеясында өтті. «Рәміздер рухы – Конституцияның күші» атты жалпыұлттық патриоттық акцияға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының басшылары, қоғамдық кеңес мүшелері, зиялы қауым өкілдері, этномәдени бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар мен жастар қатысты.
Салтанатты жиын «Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздік символы» атты театрландырылған прологпен ашылды. Акция барысында сөз сөйлеген облыс әкімі мемлекеттік нышандардың ел өміріндегі ерекше маңызына тоқталып, олардың ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы рөлін атап өтті.
«Біздің мемлекеттік нышандарымыз Қазақстанды күллі әлемге бейбітшілік пен татулықтың символы ретінде дәріптеуде. Көк туымыз халықаралық ареналарда, әлемдегі алпауыт ұйымдардың төрінде Тәуелсіз Қазақстанның атын танытты. Айбынымызды асырған Мемлекеттік рәміздерді құрметтеп ұлықтау, келер ұрпаққа аманат ету – біздің азаматтық парызымыз», – деді аймақ басшысы.
Акция барысында Мемлекеттік Әнұран орындалып, өнерпаздар патриоттық әндерді шырқады. Сондай-ақ ипподромда атты шеру ұйымдастырылып, төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері Сырдария өзенінде Мемлекеттік туды қайықпен алып жүру арқылы мерекенің мазмұнын айшықтай түсті. Бұл көріністер тәуелсіз елдің айбыны мен рухын көрсеткен тағылымды шараларға айналды.
Сол күні Қызылорда қаласындағы «Достық үйінде» Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты жиын өтті. Жиында өңірдің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген азаматтарды марапаттау рәсімі ұйымдастырылды.
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев өз сөзінде ел президентінің мемлекеттік рәміздер туралы айтқан тағылымды пікіріне тоқталып, олардың халыққа күш-жігер беретін рухани құндылық екенін атап өтті.
«Тәуелсіздігіміздің тұғырын бекемдеп, елдің дамуына үлес қосып жүрген әрбір азаматтың еңбегі қашанда құрметке лайық. Бүгін марапат алып отырған жерлестеріміз – адал еңбек пен отансүйгіштіктің жарқын үлгісі», – деді облыс әкімі.
Мерекелік жиында мәдениет қайраткері Шәкизада Әбдікәрімов сөз сөйлеп, мемлекеттік рәміздердің ұлтты ұйыстырудағы маңызы жөнінде ой бөлісті. Президент Жарлығына сәйкес бірқатар азамат «Құрмет» орденінің, «Ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медалі сияқты мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың Алғыс хаты табысталды, бірқатар азамат облыстың Құрмет грамотасын, «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» медалін және облыс әкімінің Алғыс хатын алды.
Мемлекеттік рәміздер – халықтың тарихи жады, ұлттық құндылықтары мен рухани мұрасының көрінісі. Елтаңбадағы шаңырақ – ортақ үйіміз Қазақстанды бейнелесе, көк тудағы қыран құс еркіндік пен биік мұраттарды білдіреді. Ал Әнұран әрбір азаматтың жүрегінде туған елге деген сүйіспеншілік сезімін оятады.
Қазір жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналған. Бұл ретте Мемлекеттік рәміздердің тәрбиелік мәні ерекше. Мектептерде, жоғары оқу орындарында, мемлекеттік мекемелерде өткізілетін патриоттық шаралар жастардың елге деген құрметін арттыруға ықпал етеді.
Қызылорда өңірінде өткен Мемлекеттік рәміздер күніне арналған іс-шаралар тәуелсіздік құндылықтарын ұлықтаудың жарқын үлгісі саналады. Елдік пен бірлікті дәріптеген мерекелік шаралар халқымыздың ортақ құндылықтарға деген құрметін тағы бір мәрте айқындап, жас ұрпақтың жүрегіне отансүйгіштік рухын сіңірді.
Қуан Өмірхан
Қызылорда облысы