Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 23 Сәуір 2024

Сыр өңіріндегі сенбілік

сыр
Фото:

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Қызылорда облысындағы «Киелі мекен» апталығы аяқталып, жалпыоблыстық сенбілік өтті.

Сыр өңірі ежелден тарихи-мәдени ескерткіштер мен қасиетті кесенелерге бай өлке. Жалпы облыста мемлекет қорғауына алынған 567 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Осы ретте, 14-20 сәуір аралығында жоспарланған «Киелі мекен» апталығында облыс аумағындағы барлық тарихи-мәдени ескерткіштер, облыстық тарихи-өлкетану музейлерінің аумақтары абаттандырылады. Оған мәдениет, өнер саласының қызметкерлері, қоғам белсенділері, еріктілер мен ауыл тұрғындары қатысты.

Сенбілікте петроглифтер маңы тазартылып, көшеттер отырғызылды. «Киелі мекен» апталығы Шиелі ауданы Қаратау жотасының Бала Сауысқандық шатқалындағы Сауысқандық петроглифтері аумағында қорытындыланды.

Апталық кезінде облыстағы 300-ден астам тарихи-мәдени нысанда өткен тазалық, танымдық шараларына 40 мыңға жуық адам қатысты.

Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата кітабының 1300 жылдығына арналған ескерткіш, Ұлы отан соғысында қаза тапқандарға қойылған белгі, Амангелді Иманов, Жанқожа Нұрмұхамедұлы ескерткіштерінің аумағы көркем кейіпке енді. Аралдағы игі бастамаға аудан тұрғындары Балықшылар музейінің ауласына тазалық және көркейту-көгалдандыру жұмыстарын жүргізді, Әбдіжәміл Нұрпейісов музейі аумағын әктеп сырлады.

Қазалы ауданындағы Жанқожа батыр кесенесі мен Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейінің аумағында тазалық жұмысы қарқынды жүрді. Бұдан бөлек, қазақ хандығының астаналарының бірі «Жанкент» қалашығы мен Бегім ана мұнарасы, Кердері кесенелерінің аумақтары да абаттандырылды. Қармақшылықтар түркі жұртына ортақ қасиетті мекен Қорқыт ата ескерткіш-кешені мен Марал ишан, Қалқай ишан кесенелеріне тазалық жұмыстарын жүргізді.

Жалағаш ауданында да Бұқарбай батыр, Ұлы отан соғысы құрбандарына арналған ескерткіш, Түмен әулие кесенесінің аумақтары тазартылды. Көшет отырғызылып, күл-қоқыс шығарылды.

Сырдария ауданында Асанас, Қышқала қалашықтары мен Қалжан ахун мешіт-медресесі аумағындағы шараларға тұрғындар белсене атсалысты.

Шиелі ауданындағы киелі орын Оқшы ата қорымының айналасында тазалық шарасы ұйымдастырылды.

Жаңақорғандағы Қорасан ата кесенесі, Сығанақ қалашығы мен тарихы терең мәдени ескерткіштер маңы қоқыстан тазартылды. Апта соңында Жалаңтөс Баһадүр ескерткіші, саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалды ескерткіш, Сұлтанбек Қожанов, Ыбырай Жақаев бюстері мен Мұстафа Шоқай, Бұқарбай Естекбайұлы, Ғани Мұратбаев ескерткіштері, Батырхан Шөкенов атындағы саябақ жинақы қалыпқа келді.

Негізінде облыс көлеміндегі көркейту-көгалдандыру және санитарлық-тазалық сенбіліктері барлық елді мекенде көктемнің алғашқы күні 1 наурыздан бастау алып, тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

Нұрбек Дәуренбеков

Қызылорда облысы

Тегтер: