Саясат

Сириядағы әл-Фараби орталығы қалпына келтіріледі

Бельгия астанасы Брюссель қаласында «Сирия мен өңірлердің болашағына қолдау көрсету» үшінші халықаралық донор конференциясы өтті.

Сириядағы әл-Фараби орталығы қалпына келтіріледі
Конференция қорытындысы бойынша біршама мәселелер жоспарланды. Соның ішінде, Дамаск қаласындағы әл-Фараби мәдени орталығын қалпына келтіру мәселесі де айтылды.57 мемлекет қатысқан, Еуропа одағы мен БҰҰ бірлесіп ұйымдастырған форум үш күнге созылды. Үшінші халықаралық донор конференциясы — қаржы ресурстарын жұмылдырудың ғана құралы емес, сонымен бірге, Сириядағы дағдарысты шешуге арналған алаң. Бұл алаңда осы мәселеге қатысты идеялар талқыланып, жаңа бастамалар қолға алынады. Форумда негізінен саяси татулық, экономикалық дағдарыстарды жеңу және дағдарыстың тигізген зиянын қалпына келтіру мәселесімен қатар, босқындар мәселесі де қаралды. Саяси қысым немесе экономикалық дағдарыс кесірінен елінен қашуға мәжбүр болған босқындарды елге қайтару, ол үшін Сириядағы жағдайды реттеу мәселесі де сөз болды.  ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеубердінің айтуынша бұған қоса Дамаск қаласындағы әл-Фараби мәдени орталығын қалпына келтіру мәселесі де көтерілді. Сонымен қатар, Қазақстанға тікелей қатысы бар тағы бір мавзолей Бейбарыс сұлтан кесенесі де ерекше қамқорлыққа алынады.Сирия мәселесі бойынша Қазақстан ешқашан қалыс қалған емес. Бұл тарапта еліміз көбіне азық-түлік жеткізу тұрғысында гуманитарлық көмектер көрсеткен. Сондай-ақ, конференцияға қатысушылар Қазақстанның 47 азаматын эвакуациялаған «Жусан» операциясын жоғары бағалапты.«Қазір Сириямен көршілес жатқан және еуропалық мемлекеттердегі босқындарды еліне қайтару мәселесі тұр. Оларды баспанамен, жұмыспен және біліммен қамтамасыз ету үшін іірі көлемде қаржылық және гуманитарлық шығындар қажет. Дамаскіде бізге тікелей қатысы бар үлкен екі мавзолей бар. Бұл — әл-Фараби және сұлтан Бейбарыс кесенелері. Онда үлкен кітапхана ашылған», — дейді М.Тілеуберді.Айта кету керек, әл-Фараби мәдени орталығын Қазақстан Республикасы үкіметі 2012 жылы салған. Бұл орталықты қалпына келтіруге және алаңсыз жұмыс істеуіне Сириядағы соғыстық қақтығыстар мен елдегі тұрақсыздық көп кедергі келтіргенін білеміз.Форумның қорытынды сессиясында гуманитарлық мәселелер жөніндегі еурокомиссар Христос Стилианидис халықаралық конференцияға қатысушыларын Сирия мен өңірлерге 7 миллиард доллардан бөлуге міндеттеді. БҰҰ таратқан ақпаратқа сәйкес Сирияның өзінде ғана 11,7 миллион адам түрлі гуманитарлық көмекке зәру. Ал, бұл салада ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасарының айтуынша, «Қазақстан өз тарапынан барынша көмек көрсетіп жатыр».  Фото: inform.kz
Тегтер: Без Тега
Қуаныш  Қаппас
Қуаныш Қаппас Қуаныш Қаппас

Оқыңыз