Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:12, 12 Ақпан 2024

Соғыстағы сатқындық: Ресей ұшақтарын кім сатты?

Ресей
Фото: из открытых источников
Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) ресейлік авиация басшыларына қарсы елден ондаған ұшақтар мен тікұшақтарды заңсыз әкетті және сатты деген айыппен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Ресей ақпарат көздерінің мәліметінше, сыртқа заңсыз сатылған ұшақ пен тікұшақтың бірқатары Украина әскерінің қолына өткен. Тергеу барысында тың ақпарат белгілі болды. 3 дана Ми-8 тікұшағы үшінші ел арқылы Украинаға берілсе, Ил-76 ұшағы бақылау датчигі өшірулі күйде Украинаға қару-жарақ тасыған.

7-ақпан күні ФҚҚ қызметкерлері Мәскеудегі Ленинград көшесінде орналасқан офисті тінтіп, Ұшу қауіпсіздігі инспекциясы басқармасының басшысы Кристина Бывалина және Азаматтық әуе кемелерін тіркеу және жасалатын мәмілелерді мемлекеттік реттеу департаменті басшысының орынбасары Петр Козыревтің кабинеттерінен түрлі құжаттарды тапқаны айтылды.

Оларға бүгінде түрлі баппен қылмыстық іс ашылған. Өкілетін асыра пайдалану, мемлекетке зиян келтіру және басқа баптар бойынша тергеу басталып кетті. Тергеу барысында Ресей авиациясының бірқатар шенеуніктері Ресей президентінің жарлығын елеместен тіркеуде тұрған ұшақтар мен тікұшақтарды тіркеуден шығарып, өзге елдер мен компанияларға сатқаны анықталып отыр.

Сату жұмысын іске асыру үшін Ресей авиациясының жоғары шенді қызметкерлері Ресей билігіне «ұшақтар мен тікұшақтар өзге елде жөндеуде тұр немесе тұрақта тұр» деген жалған құжаттар ұсынған.

Бұл жағдай бойынша Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Федералды қауіпсіздік қызметі Ресей юрисдикциясынан 59 ұшақ пен тікұшақты заңсыз шығару туралы екі қылмыстық іс қозғады деген ақпаратқа түсініктеме беруден бас тартты.

 "Тергеу әрекеттері жүзеге асырылуда, оларға түсініктеме беруге құқығымыз жоқ", - деді Песков.