Советский, Карл Маркс, Полторацкий
Шымкенттіктердің ұлттық санасы отыз жылда да жаңғырмаған ба?
Осы күндері елдің қамын ойлайтын, немкеттілікке салынбай, пікірін ашық айтатын қариялар азайып бара жатыр. Азайып бара жатыр дегенмен, әлі де болса, халықтың сөзін сөйлейтін ақсақалдардың барына шүкір дейсің.
«Жас Алаштың» Шымкент қаласындағы қосынына жасы 87-ге келген қария, тыл және еңбек ардагері Өркен Әбдіреев апта сайын бас сұғады. Қазіргі жастар әлеуметтік желіде көп отырады. Желіге ішкен тамағын, киген киімін мақтанып, «мына жерде серуендеп жүрміз», «бүгін мына қалаға келіп қалдық» деген сарындағы жазбаларын салады, ал туған күнмен құттықтаулардан көз сүрінетін болған. Өзіне де, өзгеге де пайдасы жоқ, осындай мағынасыз дүниелерден гөрі біздің алтын сандық ақсақалдарымыздың айтқандары айналайын ба дейсің.
Өркен ақсақал бұл жолы Шымкенттегі көше атауларына қатысты көп пікір білдірді.
– Азаттық алғанымызға отыз жыл болды. Тәуелсіздік біздің ақыл-ойымызға сілкініс жасай алды ма? Қағаз жүзінде бәрі өзгерді, ал іс жүзінде не өзгерді? Шымкенттіктердің жүріс-тұрысына қарасаңыз, түк те өзгермеген сияқты. Тәуелсіздіктен кейін Шымкент кеңестік атаулардан арылды. Орталық алаңды иеленіп алған Ленин ақсақал төрден түсіп, әл-Фарабиге орын берді. Советский – Қазыбек би, Полторацкий – Ильяев, Некрасов –Мәделі қожа, Юбилейный – Қабанбай батырға айналғалы қай заман. Карл Маркстің Дулати болғанына ширек ғасыр өтті-ау. Алайда кеңестік атаулар шымкенттіктердің санасынан өшпеген сияқты. Автобус кондукторлары сол баяғыша, «Карл Маркс бар ма?», «Келесі остановка – Некрасов», «Юбилейныйдан түсетіндер дайындалыңдар», дегенді қайталаумен келеді. «Юбилейный, колос» деген сөздерді әлі күнге автобустардың сыртындағы жазулардан да кезіктіруге болады. Кондукторлардың сөздері де тұрпайы, сауатсыз. «Мардан Сапарбаев бар ма?» деген сөзден не түсінесіз? «Мардан Сапарбаев аялдамасы» деп дұрыстап айтуға не кедергі? Қонаев, Байтұрсынов көшелерін «Қонаева», «Байтұрсынова» дейтін қазақтарды қайтеміз? «Крытый рынок» деген сөзді қазақша «Жабық базар» деп қарадүрсін аударып алғаннан не ұттық? О заманда бұ заман жабық базар болушы ма еді?! Қаланың орталық Тәуке хан көшесін әлі күнге «Коммунистический» деп айтатын орыс азаматтарын көргенде, жағамды ұстадым. Осыдан кейін коммунизмді келмеске кетті деп көріңіз. Тәуелсіздік сезімі тілімізде болғанымен, ділімізде жоқ, – деді ақсақал.
– Осы қаланың идеологиясын басқарып отырған азаматтардың тірлігіне қарның ашады. Ай қарап отыр ма? Тәуелсіздік, рухани жаңғыру осындай қарапайым нәрселерден басталатынын түсінбей ме? Кондукторларды ескі әуендерінен жаңылдыратын, қайта жаңғыртатын басшы жоқ па? Себебі басшылар автобусқа мінбейді, халықтың ішінде жүрмейді. «Тасмағамбетов елордаға әкім болған жылдары апта сайын бір орынбасары бір күн түске дейін қалада автобуспен жүреді екен», дегенді газеттен оқып едім. Осы тәжірибені Шымкенттің әкімі Әйтенов те қолға алуы керек, – деді Өркен қария.
Ақсақалдың кейбір атаулардың жазылуына да көңілі толмайды.
– Батыр бабаларымыздың, би-шешен, хандарымыздың аттарын біріздендіріп, дәріптеп жазуға келгенде, кежегеміз кейін тартып тұрады. Абылай хан – Абылай-Хан, Әбілқайыр хан – Әбілқайыр-Хан болып, «Хан» дегені бас әріппен, сызықша арқылы жазылуы керек. Ол Қасым-Жомарт болғанда, бұл неге Қасым-Хан, Төле-Би, Қазыбек-Би, Әйтеке-Би болмауы керек? Әлемде Нью-Йорк, Нью-Дели, Санкт-Петербург, Улан-Удэ, Лас- Вегас деген қалалар бар. Олар сызықша арқылы және екі сөз де бас әріппен жазылады. Ал біз жер-су аттарын әлі күнге дұрыс жаза алмаймыз. Мәселен, Мақтаарал емес – Мақта-Арал, Сарыағаш емес – Сары-Ағаш болуы тиіс. Бас қаламыз Нұр-Сұлтан болып жазылғанда, ол неге Талды-Қорған, Қызыл-Орда, Сары-Арқа, Қошқар-Ата, Жаңа-Қорған, Көкше-Тау, Жаңа-Өзен бола алмайды? – дейді асқақал.
Кейінгі кезде жастар арасында сауатсыздық белең алды. Дап-дардай блогер, журналист, қоғам белсенділерінің жазғандарында қате дегеніңіз өріп жүреді.
– Сауатсыздықтың көкесі ертең латын графикасына көшкен кезде болады, – деді Өркен Әбдіреев.
Ақсақалдың бұл сөзіне не алып-қосасыз?