Су басқан өңірлерде 98 үй әлі су астында қалып отыр
Қазақстанда 98 үй әлі су астында қалып отыр. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов мәлімдеді.
Жалпы, 120 мыңнан астам адам өз үйінен эвакуацияланған.
Олардың 67 570-і үйлеріне оралды. Бұл ретте бүгін таңертеңгі мәлімет бойынша 3 952 адам эвакуациялық пункттерде қалып отыр. Барлығы 12 мың тұрғын үй (ЖТҚ) және 26 мың саяжай учаскелері су астында қалды. Су астында қалып отырған үйдің саны — 98, деді Бектенов.
Оның айтуынша, зардап шеккен 17 982 үй бойынша тексеру жүргізілді, 15 685 үйді бағалау аяқталды. Үйлердің жартысына жуығы жөндеу мен қалпына келтіруді қажет етеді. Осы мақсаттарға орай 5823 отбасы өтемақы алды. Оған 38,6 млрд теңге бөлінді.
8 мыңнан астам үй апатты жағдайда деп танылды. Олар үшін зиянды өтеудің 2 нұсқасы бар:
1. пәтерлерді немесе үйлерді қайталама нарықта сатып алу;
2. үй салу.
Бүгінгі таңда 3155 отбасы жаңа баспана алды. Түрлі өңірлерде 2049 үйдің құрылысы белсенді жүргізіліп жатыр. Жалпы тұрғын үйді қалпына келтіруге және салуға 251 млрд теңге бағытталды, — деді Үкімет басшысы.