Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:35, 16 Сәуір 2024

Су тасқыны бойынша соңғы ақпараттар

су тасқыны
Фото: из открытых источников

Тоғыз облыста су тасқыны жалғасуда

Үш аптадан бері қазақстандықтарды әуреге салған алапат су тасқынының беті қайтар емес. Әсіресе СҚО, БҚО және Атырау облыстарында жағдай қиын. Мамандар бұл өңірлерге «әлі де су келеді» деп болжап отыр. Олардың айтуынша, бұл «екінші толқын». Қазіргі жағдай қысқаша мынадай:  

- Азаматтық қорғау қызметтері 107 119 адамды, оның ішінде 38 457 баланы құтқарды. 11 674 адам үйлеріне оралды;

- Уақытша орналастыру пункттерінде 7 414 адам, оның ішінде 3 173 бала бар. 9,3 млн м3 еріген қар суы сорылды, 1,9 миллионнан астам қапшық және 1,2 млн тонна инертті материал төселді. Қазір авариялық-құтқару жұмыстарында 35 551 адам, 3 557 техника, 750 су сору құралы, 214 жүзу құралы, 14 әуе кемесі жұмылдырылған. 3 957 жеке тұрғын үй, 942 аула аумағы және 962 саяжай үйі су астында қалды. Ал 3 129 тұрғын үй мен 2 033 аула аумағынан су бұрылды;

- Ақтөбе облысында Торғай өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты Нұра ауылының қорғаныш бөгетінің топырақ үйіндісі шайылып кетті. Нұра кентіне кеше кешке (14 сәуір) су келе бастаған. Бұл жерде 126 адам бар екені айтылады. Қазір облыста үш ауылдың тұрғындарын эвакуациялау жалғасып жатыр. Сондай-ақ шалғайдағы Тәуіп және Жайсаңбай елді мекендеріне де қауіп төнген, осыған байланысты өңірге қосымша күш пен гуманитарлық көмек жіберіліп жатыр;

- Қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстан облысында, Петропавлда күрделі су тасқыны байқалып отыр. Сергеев су қоймасы 153 пайыз толып, су бөгет жотасынан 2 метр 83 см асты. Тәулік ішінде 20 см төмендеді. Облыста 1713 үй және 1115 үй маңындағы аумақты су басқан;

 - Ақмола облысында Есіл өзенінде су деңгейі көтерілді. 14 сәуірде сағат 21:00-де су деңгейінің көтерілуіне және еріген сулардың жолды шайып кетуіне байланысты «Көкшетау-Атбасар» автожолының учаскесінде 120 километрден 184 километрге дейін, Максимовка кентінен Атбасар қаласына дейінгі учаскеде көліктің барлық түріне қозғалыс шектелген;

 - Шығыс Қазақстан облысында екі ірі су қоймасы бойынша орташа су жинау көрсеткіші 80%;

- Абай облысында Шүлбі су қоймасы 89%-ға толды. Өңірде су тасқыны жалғасуда;

- Батыс Қазақстан облысында төрт ірі су қоймасының орташа су жинауы 74%. Иреклі су қоймасынан жіберілген су әлі Қазақстанның шекарасына жеткен жоқ. Бұл су 16-17 сәуірде келеді деп күтілуде; 

- Қарағанды облысында 3 ірі су қоймасы 99%-ға толды, өңірде су тасқынының қауіпті кезеңі өтті. Жағдай тұрақты;

- Қостанай облысында 2 ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 93%, су тасқынының белсенді кезеңі өтті.

Былтыр жоғалған баланың денесі биыл табылды

Су тасқынынан үй қирап, мал ғана суға кеткен жоқ, адам шығыны да бар. 7 сәуір күні Атырау облысы Құлсары қаласында екі ер адамның денесі табылды. Кейіннен олардың 6 сәуір күні рұқсат алмай, су басқан үйлеріне барып, суға кеткен тұрғындар екені анықталды. Сондай-ақ бұған дейін Абай облысы Аягөз ауданында үш ер адамның суға кеткені туралы ақпарат көздерінде айтылған-ды. 23 наурыз күні Аягөз өзенінен өтпек болған 46 жастағы ер адам ағыны қатты суға құлаған. Кейін, 26 наурыз күні екі ер адам мінген трактор Борлы өзенінің ортасында қалып, 9 сағат құтқару қызметкерлерін күтіп, ақыры суға кеткен еді. Бұл адамдардың сүйегі әлі іздестіріліп жатыр. Ал 14 сәуір күні Атырау облысында өзеннен белгісіз ер адамның сүйегі табылды. Мұны өткен жылы суға кеткен 2008 жылғы жасөспірім болуы мүмкін деп болжауда. Полиция өкілдері өткен жылы жоғалған жасөспірімнің табылмағанын айтып, «сот медициналық сараптама тағайындалды» деді.

Орынбордан су келе жатыр

«Ресейдің Орынбор аумағынан жойқын су келуі мүмкін» деп айтылғанына да біраз күн болды. Осыған орай Жайық өзенінің төңірегіне орналасқан өңірлерде тасқын судан сақтану жұмысы жүргізілуде.

Бүгін (15 сәуір) Орал қаласының қауіпті аймақтарындағы тұрғындар қауіпсіз жерлерге көшіріле бастады. Себебі мамандардың сөзінше, алдағы 2-3 күнде Ресейдің Орынбор аумағынан үлкен көлемде су келеді. Қазірдің өзінде Жайықтың деңгейі 8 метрге жуықтаған, ал ең қауіпті деңгей 8,5 метр. Сондықтан алдағы болуы мүмкін апаттың алдын алу үшін қауіпті жердегі тұрғындарды көшіру ісі жедел атқарылып жатыр.

Жайық өзенінің тасу қаупіне байланысты Атырау қаласы маңында 123 шақырым бөгет салынды. Жалпы 223 шақырым жағалауды бекіту жоспарланып отыр. Жайықтың жағасына орын тепкен 84 елді мекеннің айналасындағы бөгеттер биіктетілуде. Болжам бойынша, Орынбордан сәуірдің 17-сі мен 19-ы аралығында тасқын су келуі мүмкін.

Ал «Қазгидромет» мамандарының айтуынша, Батыс Қазақстан, Атырау, және Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынының екінші қаупі болуы мүмкін. Бұған ең әуелі Ресейден келетін су, сондай-ақ 15-17 сәуір күндері өңірлердегі жауын-шашын, әрі күннің жылып, қардың еруі себеп.

Ақпараттар ашық дереккөздер мен ресми мәліметтерден алынды.

Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Тегтер: