Су тасқыны: 7 миллиард қайда жұмсалды?
ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов үкіметте өткен баспасөз мәслихатында су тасқынына қарсы іс-шараларға және табиғи апаттың салдарын жоюға бюджеттен бөлінген қаржы көлемін айтты.
Журналистер жолдарды қайтадан су шайып, ауылдарды су басқан болса, тасқынға қарсы шараларға бөлінген жеті миллиард теңгенің қайда жұмсалғанын сұрады.
«Шынында да 7 миллиард теңгеден астам ақша қарастырылған. Бұл қаржы ресурстары жергілікті атқарушы органдардың бюджеттерінде қарастырылды. Бүгінгі таңда бұл қаржыдан 3 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді», - деді Бауыржан Сыздықов.
Вице-министрдің айтуынша, бөлінген үш миллиард су тасқынымен күресуге жұмсалды. Бұл ретте қазірдің өзінде үкімет жанынан да, әкімдіктер жанынан да шығын көлемін анықтау үшін жұмыс топтары мен комиссиялар құрылған.
«Төтенше жағдай кезінде әр әкімдіктің өз резерві бар. Егер бұл резервте қаражат жеткіліксіз болса, онда олар үкіметке жүгінеді. Сонда ғана үкімет резервінен қаражат бөлу мәселесі қаралады», - деді Сыздықов.
Фото: ҚР ТЖМ