Оқиғалар

«Судьяның көз алдында өзіне қол жұмсады»: Ордабасы ауданындағы сот процесі дауға ұласты

Түркістан облысы, Ордабасы аудандық сотында өткен процестен кейін қоғамда үлкен заңсыздықтар болып жатқандығы туралы наразылық туындады. Сот залынан шыққан азамат Хасен Ерімбетовтің жақындары билік орындары мен БАҚ өкілдерінен әділдік талап етіп, араша сұрап отыр.

Түркістан

Шағымданушы тараптың мәлімдеуінше, Ордабасы ауданы, Ықыластемір ауылындағы М.Х. Дулати атындағы мектептің директоры Төлтебай Балжан Алтынбекқызы және мектеп әкімшілігінің өзге де өкілдері заңсыз құжаттар мен бұйрықтар шығарып келген. Наразы тарап бұл тұлғалардың тиісті сертификаттары болмаса да, құжаттар әзірлегенін айтады.

«Олардың бұл әрекеттерінің заңсыздығын Еңбек инспекциясы тексеріп, ресми түрде анықтап көрсеткен», - дейді азаматтың туыстары.

Алайда Еңбек инспекциясының қорытындысына қарамастан, Ордабасы аудандық сотының судьясы Әбубәкір (бейнежазбадағы азаматтың сөзінше - судья Мырзабеков) Хасен Ерімбетовті 5 тәулікке қамау туралы қаулы шығарған. Бұл шешімге наразы болған Х. Ерімбетов сот ғимаратының ішінде өз-өзіне қол жұмсау деңгейіне дейін жеткенін, сондай-ақ заңсыздыққа наразылық ретінде аштық жариялайтынын айтып айқайлады.

Бейнежазбада ер адамның іш тұсынан қан ағып тұрғаны көрінеді, ол өзін соттың заңсыз айыптағанын және құқығының шектелгенін айтып, ызаға булыққан. Соңғы мәліметтерге сәйкес, Хасен Ерімбетов қазіргі таңда полиция қызметкерлерінің күзетімен ауруханада жатыр. Туыстарының айтуынша, оның жағдайы өте ауыр. Сонымен қатар ауруханадағы азаматқа оның жақындары мен туыстарын кіргізбей жатқандығы хабарланды.

Шағымданушылар Ордабасы аудандық сотының судьялары істі әдейі бұрмалап отыр деп күдіктенеді және жоғары тұрған құзырлы органдардан мектеп басшылығы шығарған бұйрықтардың заңдылығын қайта саралап, әділ шешім қабылдауды сұрайды.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз