Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
21:00, 25 Қаңтар 2024

Табиғи апаттармен күресу мемлекеттің ғана қолынан келмейді

Серік Бейсембаев
Фото: из открытых источников

Алматыдағы жер сілкінісі және адамдардың оны қабылдауының, ондағы қоғам әрекетінің мынадай бірнеше астары бар.

Ең әуелі адамдардың үрейленуі. Өздеріңіз білесіздер, соңғы бірнеше жылда адамдар арасындағы қорқыныш сезімі артты. Мұның бір себебі –әлемдегі тұрақсыз саяси жағдайларға байланысты, Украинадағы соғыс, Израиль мен Палестина арасындағы қақтығыс адамдарды алаң көңілге жетелейді. Сондай-ақ Қаңтар трагедиясы сияқты еліміздегі кейбір оқиғалар да халықтың өзін қауіпсіз сезінуіне кері әсерін тигізді. Әрине, дәл осындай халық алаңдаулы көңіл күйде жүргенде жер сілкінісі сияқты төтенше жағдайлар бола қалса абынып, әуре-сарсаңға түседі. Сонымен қоса біздің қоғамда осындай қиын сәтте адамдардың билік тарапынан қандай да бір қолдау табатынына, тіпті ақпараттық көмектің болатынына деген сенім аз. Себебі біздің билік Арыста жарылыс болғанда, Қарағандыда шахта жарылғанда лайықты қызмет көрсете алмады, осыдан соң жұрттың көңілінде «бұл жолы да көмектесе алмайды-ау» деген күдік тұрады, яғни төтенше жағдай қызметкерлеріне сенбейді. Әрине, ешкімнен, ешқайдан көмек күтпейтін адам енді өз басын аман алып қалу үшін әрекетке көшеді. Жер сілкінсе жанталасып далаға қашуға тырысады.

Ендігі бір мәселе – ақпараттың халыққа дұрыс жеткізілмеуі. Мысалы, осы жолғы жер сілкінісіне алдын ала ақпараттың таратылмағаны, кейбір хабарландырулардың тіпті екі сағаттан кейін келгенін жұрт айтып жатыр. Міне, осының бәрі жер сілкінгенде адамдардың есін шығарды. Жалпы кез келген адамның табиғаты осындай, қауіпті жағдай туа қалған кезде сіз барынша жылдам әрекет етуге тырысасыз.

Алматы сияқты жер сілкінуі мүмкін аймақтарда мұндай жағдайларға алдын ала дайындық жұмыстары жүргізілуі керек. Мұндай жұмыстар адамдарға хабарлама жіберу, қауіптің болуын ескертумен ғана шектелмеуі тиіс. Ең бастысы – осындай жағдайда не істеу керектігінің ретін, тәртібін адамдарға ұғындыру, үйрету. Мұндай іс-шаралар әдетте, мектепте, жоғары оқу орындарында, жұмыс ұжымында істелуі керек. Сонымен қоса осындай кезде әртүрлі қоғамдық ұйымдардың да көмегі қажет, бұл әлемдік тәжірибеде бар дүние, яғни халық үкіметке қарап отырмай, қоғамдық ұйымдар арқылы ұйысып, төтенше жағдай кезінде не істеу керек екендігін үйреніп, білгені жөн.

Шынын айтқанда, мұның ақыры саяси жүйеге келіп тіреледі. Өйткені қай кезде де авторитарлық жүйе азаматтық қоғамның дамуына мүмкіндік бермейді. Сөйтеді де мемлекет барлығын өз мойнына алып, «мұның бәрін біз шешеміз, біз қамтамасыз етеміз» дейді. Ал шын мәнісінде авторитарлық жүйе ештеңені де қамтамасыз ете алмайды, олар тек өздеріне керек саяси биліктің тұрақтылығын ғана қамтамасыз етеді. Осындай жүйеде ішкі қауіпсіздік, төтенше жағдайлар сияқты мекемелердің кәсіби деңгейі жоғары болмайды. Керісінше, жемқорлық жайлайды, басшылық әртүрлі жолдармен әділетсіз сайланады, кәсіби адамдардың жөнді жұмыс істеуіне жол берілмейді, осының бәрі авторитарлық жүйеде кең тараған құбылыс. Бұл жер сілкінісіндегі төтенше жағдай қызметіне ғана қатысты емес, барлық салада сондай. Негізі демократиясы дамыған елдерде салыстырмалы түрде төтенше жағдайлармен күрес әлдеқайда тиімдірек ұйымдастырылған. Себебі табиғи апаттармен күресу мемлкеттің ғана қолынан келмейді, оған азаматтық қоғам атсалысу қажет. Ал азаматтардың қатысуы дегеніміз – азаматтық қоғамның дамуы деген сөз. Әрбір азамат осы іске көмектесе алатынын сезінсе, әрі соған сәйкес қоғамдық ұйымдар қалыптасса, табиғи апаттың алдын алу жүйесі айтарлықтай дамиды.

Серік Бейсембаев, әлеуметтанушы