Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:10, 07 Қараша 2023

Тақта үстіндегі тартыс

шахмат
Фото: из открытых источников

Тақта үстіндегі таңғажайып ойынның елімізде көкжиегі кең. 16 тастан тұратын ақ пен қараның айқасы жұмбақ әлем. Ақылдылардың ойыны ретінде баланатын шахматтың өзіндік құпиясы да бар. Осыдан 1500 жыл бұрын пайда болған ойын біздің елде егемендік алған сәттен бастап дами түсті.

Әуелі көпшіліктің күнделікті ойыны болса, қазір жанданып, спортшыларымызды жаһанда жеңімпаз қатарынан көріп жүрміз. Осындай додалы тақталы жарыс еліміздің орталығы Ұлытау облысында да жиі өткізіледі. Қалалық деңгейде жұмыс істеген шахмат федерациясы облыстық болып қайта құрылғалы бері үстел ойыны бойынша өткізілетін сайыстардың қатары артқан. Облыс орталығында шахмат үйірмесінің де қабырғасы қаланып, спортшылардың игілігіне жұмыс істеп келеді. Іс-шаралар ауқымы аймақтағы жасөспірімдердің де қызығушылығын тудырған.

  • Енді-енді дамып келе жатырмыз. Тағы да жаңадан жұлдыздар жарқырайды, республикалық дәрежеде көрсеткіш көрсетеді деп үміттенем. Ата-аналар қайта-қайта келіп, балаларын шахматқа қатыстырғысы келіп отыр. Жарыстарды жиі өткізу арқылы шахматшылар көбейеді деп үміттенемін, – дейді республикалық шахмат федерациясының Ұлытау облысы бойынша атқарушы директоры, Бағдат Байсалбеков.

Аймақта 31 қазан күні облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен облыстық шахмат федерациясы ұйымдастырған жасөспірімдер арасындағы шахмат чемпионаты өткізілді. Бір ерекшелігі – оған шахмат үйірмелері мен секцияларының оқушыларынан бөлек, қарапайым мектеп оқушылары мен шахмат сүйер жасөспірімдер қатысты. Тартысты шайқаста бақ пен бабы қатар шапқан үздіктер ғана жеңіс тұғырынан көрінді.

  • Ең алдымен Ұлытау облыстық спорт басқармасы атынан шахмат ойындарының аяқталуымен құттықтаймын! Облыс чемпионатында 12 жүлдегер анықталды. Оның алтауы – ұл, алтауы – қыз. Жеңімпаздар Қазақстан Республикасы шахмат чемпионатына жолдама алды. Оларға алдағы додада сәттілік тілейміз! – дейді жоғары жетістіктер спорты және спорттық резерв бөлімінің басшысы Елдос Әбдіраев.

Чемпионат бірнеше санат бойынша өткізілді. 16 жасқа дейін жасөспірімдер санаты бойынша бас жүлдені Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының оқушысы Ерасыл Бақытов иеленді. Шахматпен 2 жыл кәсіби айналысқан оқушы түрлі жарыстарда бақ сынап, жүлделі орындарды қанжығасына байлаған.

  • Жарыс өте жоғарғы деңгейде және әділ өтті деп ойлаймын. Жалпы ойын 9 турдан тұрды. Шахматшылар әртүрлі жас категорияларында бақтарын сынады. Мен 9 турдың 7 ойынында ұттым. Біреуінде ұтылып, ал біреуінде қарсыласыммен тең түстім. Соңғы шешуші ойында мен қарсыласымды жеңіп, жарыстың жеңімпазы атандым, – дейді чемпионат жеңімпазы Ерасыл Бақытов.

Чемпионат соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом, медальдармен марапатталды.

     Шыңғыс Атай

    Ұлытау облысы