Қоғам

Талдықорғанда 62 жастағы әйел есірткі ісі бойынша ұсталды

Жетісу облысында есірткіге қатысты құқықбұзушылық фактісі анықталып, 62 жастағы әйел күдікті ретінде ұсталды. Операция Талдықорған қаласына қарасты Еркін ауылында жүргізілген.

1

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мәліметінше, полицейлер алдын ала жедел іс-шаралар барысында күдіктіге қатысты бақылау сатып алуын ұйымдастырған. Нәтижесінде одан 5 грамнан астам гашиш сатып алынған.

Одан кейін күдіктінің тұрғылықты мекенжайында тінту жұмыстары жүргізілді. Үй ішінен ерекше иісі бар, өсімдік тектес зат салынған бірнеше қапшық табылды.

Сонымен қатар, үй ауласындағы сарайдан ірі көлемдегі тағы бір қап анықталған. Оның ішінде жалпы салмағы 5 килограмнан асатын, гашишке ұқсас зат болған.

Қазіргі таңда аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.

Күдіктінің денсаулық жағдайы ескеріліп, сот шешімімен оған қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.

Айта кетейік, бұған дейін құқық қорғау органдары есірткі қылмысына қатысты ірі операция жүргізіп, ондаған адамды ұстаған болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда.

Тегтер: Есірткі
Жангүл Есениязова
Жангүл Есениязова Жангүл Есениязова

Оқыңыз