Танымал журналист Мемлекет басшысының жетістіктерін атап өтті
Журналист Арман Әубәкір Қазақстандағы автожолдардың сапасы соңғы жылдары айтарлықтай жақсарғанын айтып, бұл өзгерістерді мемлекет жүргізіп отырған жол саясатының нәтижесі деп бағалады.
Оның айтуынша, қызмет бабымен өңірлерді жиі аралайтындықтан, жолдардың жағдайын өз көзімен көріп жүр. Мәселен, бұрын Батыс Қазақстан облысындағы Орал – Жымпиты бағытындағы жолмен жүруге шамамен үш сағат уақыт кетсе, бүгінде жаңартылған жолдың арқасында бұл аралықты 1–1,5 сағатта еңсеруге болады.
Сондай-ақ, кезінде жетуі қиын болған Бөкей Ордасына да бүгінде сапалы жол төселгенін атап өтті.
«Биыл Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалына бардық. Бұрын бұл бағытта жол жүру қиын болса, қазір тегіс жолдың арқасында туристер емін-еркін қатынайды. Бұл еліміздің туристік әлеуетін дамытуға да оң әсерін тигізіп отыр», – деп жазды журналист.
Арман Әбубәкір жақында Астанадан Павлодар, Семей, Өскемен арқылы Қатон-Қарағайға жасаған сапарында да жол сапасының жақсарғанына назар аударғанын жеткізді.
Ол Көлік министрлігінің мәліметіне сүйене отырып, соңғы жылдары Қарағанды – Алматы, Талдықорған – Өскемен, Ақтөбе – Қандыағаш және Атырау – Астрахан бағыттарындағы жалпы ұзындығы 7 мың шақырымға жуық автожол пайдалануға берілгенін еске салды. Сонымен қатар Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің салынуы, Шақпақ баба асуындағы тоннель, Қызылорда – Жезқазған және Жезқазған – Қарағанды бағыттарындағы жол құрылыстарының жалғасып жатқанын атап өтті.
Бұдан бөлек, журналист Қазақстанда жалпы ұзындығы шамамен 1100 шақырымды құрайтын «Достық – Мойынты», Алматы айналма темір жолы, «Дарбаза – Мақтаарал» және «Бақты – Аягөз» теміржол желілерінің құрылысы жүргізіліп жатқанын, олардың халықаралық жүк тасымалының әлеуетін арттыруға ықпал ететінін айтты.
Сондай-ақ ол Қатон-Қарағайда салынып жатқан әуежайдың өңір туризмінің дамуына серпін беретін маңызды жоба екенін атап өтті.
«Мұның бәрі – менің өз көзіммен көріп, көңілге түйгендерім. Жолдар – мемлекеттің күретамыры. Осы жолдар арқылы тіршілікке жан бітеді, ел мен жер гүлденеді», – деп түйіндеді Арман Әбубәкір.