Таразда анасы екі баласын бесінші қабаттан лақтырып жіберді
Тараз қаласында көпқабатты үйден балалардың құлап кету дерегі бойынша полиция сотқа дейінгі тергеу бастады.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде оқиғаның Таразда болғаны және кәмелетке толмаған балалардың анасы күдікті ретінде қаралып жатқаны туралы ақпарат тараған. Полицияның мәліметінше, күдікті әйел ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта полиция күдіктінің балаларға қандай қатысы барын ресми түрде нақтыламады.
Жамбыл облысының полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, екі кәмелетке толмаған бала ауруханаға жеткізілген. Қазір қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес процессуалдық шешім қабылданады. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.
Ал Жамбыл облысының денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, 2021 және 2023 жылы туған (5 және 3 жастағы) балалар жабық бас-ми жарақатымен және мидың жедел ісінуімен ауруханаға түскен. 2021 жылы туған балада жамбас сүйегінің сынуы анықталған.
Балаларға бас миы, кеуде қуысы және жамбас сүйектеріне КТ жасалып, лапароцентез жүргізілген. Мидың ісінуін азайту үшін операция жасалған. 2021 жылы туған балаға сан сүйегіне қосымша операция жоспарланған.
Айта кетейік, 2025 жылы Павлодар облысында осыған ұқсас қайғылы жағдай болған. Сол кезде әйел бесінші қабаттан екі кәмелетке толмаған ұлын лақтырып, кейін өзі де секірген. Үшеуі де ауыр халде реанимацияға жеткізілген. Бір жарым жастағы бала екі күннен кейін қайтыс болып, үлкені тірі қалған.
Кейін әйелдің арнайы медициналық есепте тұрғаны анықталып, іс кісі өлтіру және кісі өлтіруге оқталу баптары бойынша тергелген. Сот шешімімен ол есі дұрыс емес деп танылып, қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, мамандандырылған психиатриялық стационарда мәжбүрлі емдеуге жіберілген.