Тараздағы өрт кезінде ерлік көрсеткен екі қазақстандық марапатталды
Жамбыл облысында төтенше жағдай кезінде батылдық танытқан азаматтарды марапаттау рәсімі өтті. Құтқару жұмыстарына белсене қатысып, адамдардың өмірін сақтап қалған екі қазақстандыққа арнайы құрмет көрсетілді.
1 қаңтар күні Тараз қаласында болған өрт кезінде ерекше ерлік танытқан әскери қызметші Ерғали Кенжебаев «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен наградталды. Сонымен қатар, адамдарды эвакуациялауға көмектескен қала тұрғыны Таймырза Сейтхан алғыс хатпен марапатталды.
Оқиға Жамбыл даңғылы бойындағы мейрамханалардың бірінде болған. Жаңа жыл түні әскери қызметші жанармай құю бекетінің маңында жүрген кезде қою түтінді байқап, бірден оқиға орнына бет алған. Сол сәтте ғимараттың жазғы қосымша бөлігі жанып, негізгі кіреберіс түтінге толы болған.
Қауіпке қарамастан, ол ғимараттың жертөлесіне түсіп, қою түтін арасынан бір баланы сыртқа алып шыққан. Кейін қайтадан ішке кіріп, өзге адамдарды қауіпсіз жерге бағыттап, эвакуациялау жұмыстарына көмектескен.
Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаментінің басшысы, полковник Арман Тоқанов мұндай әрекеттерді азаматтық жауапкершіліктің айқын үлгісі ретінде бағалады. Оның айтуынша, көрсетілген батылдық пен жанқиярлық ерекше құрметке лайық.
Оқиға барысында жедел әрекет ету нәтижесінде адамдар дер кезінде эвакуацияланып, ауыр зардаптардың алдын алу мүмкін болды.
Айта кетейік, сол түні Тараз қаласында ірі өрт тіркелген. Екі қабатты мейрамханаға жапсарлас салынған жазғы құрылыс өртеніп, жалпы аумағы шамамен 300 шаршы метрді қамтыған. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер мен құтқарушылар 100-ге жуық адамды қауіпсіз жерге шығарды. Сонымен қатар, жалынның негізгі ғимаратқа және маңындағы жанармай құю бекетіне таралуына жол берілмеді.
Абырой болғанда, оқиға салдарынан зардап шеккендер тіркелмеді.