Live

Таяу Шығыстағы дағдарыс Жапонияға да әсер ете бастады

Таяу Шығыстағы дағдарыс Жапонияға да әсер ете бастады. Елде пластик пакеттер, бір реттік тағам салатын науалар және қоғамдық тамақтану орындары пайдаланатын қолғаптар тапшы бола бастаған.

1

Бұған Таяу Шығыстағы шиеленістің күшеюі салдарынан пластик өндірісіне қажетті негізгі шикізат – нафта жеткізілімінің бұзылуы себеп болып отыр. Бұл туралы The Guardian басылымы хабарлады.

Таяу Шығыс Жапонияға жеткізілетін шикі мұнайдың негізгі көзі саналады. Осы мұнайдан алынатын нафта елдегі пластик қаптамалардан бастап медициналық бұйымдар мен баспа бояуларына дейінгі көптеген өнімдерді өндіруге пайдаланылады. Алайда қазіргі геосаяси дағдарыс бұл тізбекті үзіп жіберді. Жапонияның мұнай-химия өнеркәсібі қауымдастығының мәліметінше, елдегі полиэтилен өндірісі бірден 62 пайызға қысқарған.

Ең үлкен соққы азық-түлік саудасы мен қоғамдық тамақтану саласына тиіп отыр. Өйткені Жапонияда өндірілетін пластиктің шамамен үштен бірі осы секторларда пайдаланылады. Әрбір жеміс-жидек пен көкөністі жеке-жеке қаптап сататын жапондық қызмет көрсету мәдениеті де қиындыққа тап болған.

Токио супермаркеттерінің өкілдері өткен айдан бері көкөністерге арналған шағын пластик науаларды табудың өзі қиындағанын айтады. Кей дүкендер тауарды бұрынғыдай қаптамасыз сатуға мәжбүр болған. Жеткізушілер де келесі партияның қашан келетінін нақты айта алмай отыр.

Наубайханаларда багеттерге арналған қаптамалар таусыла бастаған. Ал дәстүрлі бэнто тағамдарын сататын шағын дәмханалар клиенттер өз ыдыстарын алып келсе, тегін гарнир немесе қосымша тағам беруге көшкен. Маусым айында бір реттік ыдыс-аяқ бағасы шамамен 30 пайызға қымбаттаған.

Дағдарыс коммуналдық қызметтерге де әсер етуде. Жапонияда тұрмыстық қалдықтарды арнайы түрлі түсті қаптарға бөліп тастау жүйесі қалыптасқан. Тапшылықтан қауіптенген тұрғындар қоқыс пакеттерін жаппай сатып ала бастағандықтан, көптеген дүкендер бір адамға екі қаптамадан артық сатуға шектеу енгізген. Кейбір муниципалитеттер тұрғындарға қоқысты арнайы емес қарапайым пакеттермен шығаруға уақытша рұқсат берді.

Премьер-министр Санаэ Такаити үкіметі жағдайды «жеткізілімдегі уақытша іркіліс» деп сипаттап, халықты сабырға шақыруда. Алайда кәсіпкерлер тапшылық жаз бойы жалғасуы мүмкін деп есептейді.

Ұқсас мәселелер Оңтүстік Корея мен Тайваньда да байқала бастады. Таяу Шығыс мұнайына тәуелді бұл елдерде пластик өнімдерінің бағасы 40 пайызға дейін өсіп, қоқыс пакеттерінің сатылымы бес есеге артқан.

Тегтер: Таяу шығыс
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз