Таза Қазақстан: Ақтөбеде мектеп оқушылары көгалдандыру жұмыстарына белсенді атсалысуда
Ақтөбе қаласындағы Д. Қонаев атындағы мектеп-гимназиясында «Эко-city – таза болашақ аумағы» қалалық экологиялық марафоны аясында көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары өтті. Іс-шара Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы шеңберінде ұйымдастырылды.
Бастаманың басты мақсаты – жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаға ұқыпты қарау дағдыларын дамыту және табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстарға оқушыларды кеңінен тарту.
Акция барысында мектеп оқушылары, мұғалімдер және мектепалды даярлық тобының тәрбиеленушілері гүл көшеттерін отырғызып, білім ордасының аумағын көгалдандыру жұмыстарына қатысты. Әсіресе кіші жастағы балалардың белсенділігі табиғатты аялау құндылықтарын ерте жастан бойға сіңірудің маңызын көрсетті.
Ақтөбе қалалық білім бөлімінің әдіскері Данияр Қуанышбаевтың айтуынша, мұндай экологиялық шаралар өскелең ұрпақтың жауапкершілігін арттырып, қоршаған ортаға жанашырлық көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді. Оның сөзінше, тазалық пен табиғатты қорғау мәдениеті күнделікті әдеттер арқылы орнығады.
Өңірдегі білім беру ұйымдарында экологиялық бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасып келеді. Биыл мектептің 9 және 11-сынып түлектері де игі іске үлес қосып, мектеп аумағына шырша көшеттерін отырғызған болатын. Мұндай бастамалар оқушылардың туған жерге деген қамқорлығын күшейтіп, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін нығайтуға бағытталған.