Оқиғалар

«Таза Қазақстан»: тазалық мәдениеті жаңа дәстүрге айналып келеді

Жетісу облысының Қаратал ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясындағы жұмыстар жүйелі жалғасып келеді.

Таза Қазақстан

 Соның бір көрінісі – Үштөбе қаласындағы «Көкдала» шағынауданында өткен кезекті сенбілік. Бұл күні 120-дан астам тұрғын ортақ іске жұмылып, көшелерді тазалап, қоғамдық орындарды ретке келтіріп, шөп шауып, жол жиектерін абаттандырды. Тазалық жұмыстарына арнайы коммуналдық техника да тартылып, жиналған тұрмыстық қалдықтар арнайы полигондарға шығарылды.

Бір қарағанда бұл – қарапайым сенбілік сияқты көрінгенімен, оның астарында туған жерге деген жанашырлық, қоғамдық жауапкершілік және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған үлкен идея жатыр.

Экологиялық акцияға қатысқан Үштөбе қаласының тұрғыны Нұрдана Қайнарованың айтуынша, тазалық әр адамның өзінен басталуы тиіс.

– Мен мұндай сенбіліктерден қалмауға тырысамын. Өйткені тазалық – барлығымызға ортақ жауапкершілік. Бүгін көршілерімізбен бірге көшелерді тазалап, шөп шаптық. Бірнеше сағаттың ішінде ауданымыздың қалай өзгергенін көрудің өзі ерекше әсер қалдырады. Осындай шараларға мүмкіндігінше көп адам қатысып, қоршаған ортаға жанашырлықпен қараса екен деймін. Өйткені таза көше – өзімізге де, балаларымызға да жайлы өмір сүру ортасы, – дейді ол.

Бүгінде «Таза Қазақстан» акциясы еліміздегі ең ауқымды қоғамдық экологиялық қозғалыстардың біріне айналды. Оның негізгі мақсаты – көшелерді тазалау ғана емес, қоғамда табиғатқа деген жауапкершілікті қалыптастыру, қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін орнықтыру және тұрғындардың экологиялық белсенділігін арттыру болып табылады.

Биыл республика көлемінде өткен жалпыхалықтық акцияға 610 мыңнан астам адам қатысып, 90 мың гектарға жуық аумақ тазартылды. Сонымен қатар 180 мыңнан астам ағаш пен бұта көшеті отырғызылды. Бұл акцияның қоғам тарапынан кең қолдау тапқанын көрсетеді.

Ал жалпы республикалық бағдарлама басталғалы бері ел бойынша 1 477 экологиялық іс-шара ұйымдастырылып, 2 млн тоннадан астам қалдық шығарылды, 2,8 млн гектар аумақ тазартылды және 5,5 миллионнан астам ағаш отырғызылды. Жыл сайын бұл бастамаларға шамамен 5,5-6,5 млн адам қатысады.

Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіштер халықтың экологиялық мәдениеті біртіндеп қалыптасып келе жатқанын аңғартады. Бұрын тазалық акциялары негізінен мемлекеттік мекемелердің бастамасымен ұйымдастырылса, бүгінде оған жастар, еріктілер, кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдар және қарапайым тұрғындар өз еркімен қосылып келеді.

Жетісу облысында да «Таза Қазақстан» бағдарламасы тұрақты түрде жүзеге асырылуда. Өңірде көктем басталғалы жүздеген экологиялық іс-шара ұйымдастырылып, мыңдаған тұрғын туған жерін көркейту жұмыстарына атсалысты. Облыста ағаш отырғызу, саябақтарды абаттандыру, өзен-көлдердің жағалауын тазарту және қоғамдық орындарды ретке келтіру жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді.

Қаратал ауданында бұл игі бастама әлдеқашан жақсы дәстүрге айналған. Аудан әкімдігінің мәліметінше, сенбіліктер әр аптаның бейсенбі және сенбі күндері өткізіледі. Оған мемлекеттік мекеме қызметкерлері, жастар ұйымдары, еріктілер, қоғам белсенділері мен жергілікті тұрғындар белсенді қатысады.

Осындай тұрақты жұмыстардың нәтижесінде тұрғындар арасында туған өлкенің тазалығына деген жауапкершілік күшейіп келеді. Бұл әсіресе жастардың белсенділігінен анық байқалады. Олар тек сенбілікке қатысып қана қоймай, әлеуметтік желілер арқылы өзгелерді де экологиялық акцияларға шақырып, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін насихаттап жүр.

Мамандардың пікірінше, экологиялық мәдениет үлкен жобалардан емес, дәл осындай қарапайым әрі тұрақты бастамалардан қалыптасады. Әрбір жиналған қоқыс, әрбір отырғызылған ағаш, әрбір тазаланған көше – қоршаған ортаны жақсартуға қосылған нақты үлес.

Үштөбеде өткен кезекті сенбілік осының айқын дәлелі болды. Бірнеше сағат ішінде жүзден астам адамның ортақ еңбегі нәтижесінде шағынауданның ажары ашылып, тұрғындардың туған жерге деген жанашырлығы тағы бір мәрте көрініс тапты.

«Таза Қазақстан» – бұл бір күндік сенбілік емес. Бұл – қоғамның қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгертуді көздейтін ұзақ мерзімді қоғамдық қозғалыс. Ал оның табысы әр азаматтың туған жерінің тазалығы үшін жауапкершілікті өзінен бастауына байланысты.

Жігер Әшім

Жетісу облысы 

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз