Тәжікстанда жол апатынан 11 адам қаза тапты
Тәжікстанның Вахдат қаласында жүк көлігі қатысқан ірі жол-көлік оқиғасы салдарынан 11 адам қаза тауып, тағы төрт адам түрлі жарақат алды.
Зардап шеккендердің бірінің жағдайы ауыр. Бұл туралы Тәжікстан Ішкі істер министрлігі мәлімдеді.
Қайғылы оқиға 2 шілде күні таңертең Душанбе–Көлоб–Хорог тас жолының 32-шақырымында, Элок ауылы маңында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, Dulan маркалы жүк көлігінің тежегіш жүйесі істен шығып, жүргізуші көлікті басқара алмай қалған. Соның салдарынан жүк көлігі алдымен Opel Zafira, кейін Toyota Prado автокөлігімен соғысқан.
Апат орнында жүк көлігінің жүргізушісі, Toyota Prado жүргізушісі және екі жеңіл көлікте отырған тоғыз жолаушы көз жұмды. Тағы төрт адам ауруханаға жеткізілген, олардың бірінің жағдайы өте ауыр.
Оқиға орнына Тәжікстанның ішкі істер министрі, жол полициясының басшылығы мен прокуратура өкілдері барып, тергеу жұмыстарын бастады. Қазір жол апатының нақты себептері анықталып жатыр.