Темірлан Еңсебекті қолдаған журналист Руслан Бикетов бостандыққа шықты
Алматыда Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті қолдап, пикетке шыққаны үшін 15 күнге әкімшілік қамауға алынған журналист Руслан Бикетов 3 ақпанда бостандыққа шықты.
Бикетовті полиция департаменті алдынан жақтастары қарсы алды. Оларды қалалық ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері мен полиция сырттай бақылап тұрды.
Журналист сот шешіміне келіспейді. Сөзінше, сот қаулысын алмаған, құжатпен таныспаған. Бикетовтің адвокаты апелляциялық шағым да түсірген.
Еске салайық, 17 қаңтарда Qaznews24 паблигінің авторы Темірлан Еңсебектің пәтерінде тінту жүргізілді. Кейін сот белсендіні екі айға қамауға алды. Т. Еңсебекке қатысты қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі – «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни араздықты қоздыру» бойынша тергеліп жатыр. Оның ұсталуы "Йоу, Орыстар" әнін парақшасында жариялағанына қатысты болуы мүмкін.
2022 жылдың мамыр айында Т.Еңсебекке көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, оның үйінде тінту жүргізілген болатын. Human Rights Watch халықаралық ұйымы Қазақстан билігін Т. Еңсебекке қатысты негізсіз істі тоқтатуға шақырды. 2022 жылдың қыркүйегінде іс қылмыс белгілерінің болмауына байланысты жабылды.
2025 жылы 19 қаңтарда полиция жеке пикетке шыққан журналист Руслан Бикетовті, 20 қаңтарда белсенді Әсем Жәпішеваны ұстады. Олар Qaznews24 авторын қолдау үшін жеке пикетке шыққан. Екі белсенді де 15 тәулікке қамауға алынды.
Сондай-ақ 21 қаңтарда Қостанайда Темірлан Еңсебекті қолдап акция өткізген белсенді Сергей Зинченко да ұсталды. Сот оған 50 АЕК көлемінде айыппұл салды.
Бүгін, 27 қаңтарда Алматы полициясы тағы бір белсенді Гүлбақыт Өтебаеваны Qaznews24 паблигінің қамауға алынған авторы Темірлан Еңсебекті қолдап пикетке шыққаны үшін ұстады.
Кейіннен TikTok әлеуметтік желісі ел билігінің өтінішінен кейін "Йоу, Орыстар" әнін өшірді. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов мәлімдеді.
"2025 жылдың 27 қаңтарында TikTok онлайн платформасының әкімшілігі заңсыз контентті жою шараларын қабылдады", - делінген хабарламада.
Министрлік бірқатар платформаларға әнді немесе оның фрагменттерін алып тастау туралы өтініш жіберген. Болжам бойынша, ән "22 шетелдік интернет-ресурста таратылған. Аталған ән TikTok-та 12 рет, YouTube-те 8 рет және 2 рет ВКонтакте желісінде жарияланған.
Сонымен қатар, министрлік Instagram-дағы QazNews24 сатиралық аккаунтынан әннің үзіндісі жарияланған жазбаны жоюды талап еткен.