Теңгенің құны: Ұлттық банк базалық мөлшерлемені неге тағы төмендетті?
Ұлттық банк өткен аптада биылғы жылға екінші рет базалық мөлшерлемені төмендету туралы шешім қабылдады.
Бұдан бұрын «Жас Алашта» жазғанымыздай, Қазақстанда соңғы екі жылда алғаш рет базалық мөлшерлеме биылғы жылдың 4 маусымында 17 пайыз болып төмендеген. Енді 24 шілде күні Ұлттық банк базалық ставканы 16,75 пайызға төмендетті. Бас банктің бір жылда базалық ставканы екі мәрте түсіруінде қандай мән бар? Бұл әрекеттің экономикаға беретін әсері қандай? «Жас Алаш» бүгін осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.
Ұлттық банк шешімін неге өзгертті?
Негізінен, базалық мөлшерлеме – ел экономикасының басты тамыр соғысы. Мемлекеттің қаржылық тұрақтылығы мен әрбір азаматтың қалтасына тікелей әсер ететін басты экономикалық тетіктердің бірі де осы – базалық мөлшерлеме. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – елдің бас банкі тарапынан белгіленетін «ақшаның құны». Осы құрал арқылы мемлекет нарықтағы қолма-қол ақша көлемін бақылап, инфляцияны тізгіндеп отырады. Бұған дейін Ұлттық банк бірнеше жыл қатарынан базалық мөлшерлемені 18 пайыз деңгейінде ұстап келді. Енді биыл соңғы екі айда бір емес, екі мәрте базалық мөлшерлемені төмендетті.
Тәуелсіз сарапшылар жоғары базалық мөлшерлеме нарықтың өсуін тежеп, бизнестің өркендеуіне кедергі келтіретінін жиі айтатын. Олардың пайымынша, қаржылық қысымды кезең-кезеңімен азайту – кәсіпкерлер үшін арзан несиеге жол ашып, іскерлік белсенділікті жандандырудың жалғыз төте жолы. Экономист сарапшы Арман БАЙҒАНОВТЫҢ сөзіне сүйенсек, Ұлттық банктің бұл жолғы базалық мөлшерлемені төмендетуіне жылдық инфляцияның баяулауы негізгі себеп болған. Жыл басында жылдық инфляция деңгейі 12,3 пайызға жуық болса, қазір шамамен 10 пайызға дейін төмендеген. Базалық мөлшерлеменің төмендеуіне ең алдымен осы фактор әсер еткен.
«Дегенмен мөлшерлеме небәрі 0,25 пайыздық тармаққа ғана қысқарды. Бұл – базалық мөлшерлемедегі елеулі өзгеріс емес, көбіне символикалық сипаттағы қадам», – дейді экономист.
Арман Байғановтың пікірінше, базалық мөлшерлеменің одан әрі төмендеуіне нақты болжам жасау қиын. Өйткені инфляциялық қысым толық сейілмеген.
«Қазір әлемде геосаяси тәуекелдер сақталып отыр. Ресейдегі логистикалық қиындықтар, жанармай нарығындағы ахуал, Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы мұнай экспортындағы тәуекелдер – мұның бәрі Қазақстан экономикасына әсер етуі мүмкін», – дейді ол.
Экономист базалық мөлшерлеменің төмендеуі жалпы экономика үшін оң белгі саналатынын атап өтті.
«Бұл инфляцияның біртіндеп, бәсеңдеп келе жатқанын көрсетеді. Әдетте мұндай жағдайда банктер депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін де төмендетеді. Соның нәтижесінде бизнеске берілетін несиелердің пайыздық мөлшерлемесі де біршама арзандауы мүмкін. Сондықтан бұл шешімнің оң әсері көбірек», – деді ол.
Арман Байғановтың сөзінше, базалық мөлшерлеменің алдағы уақытта қалай өзгеретіні әлемдік экономикадағы жағдайға және Қазақстанның негізгі сауда серіктестеріндегі ахуалға байланысты болады. Қазіргі жағдайда асығыс қорытынды жасау қиын. Әлемдегі және негізгі сауда серіктестеріміздегі жағдай қалай өрбитіні уақыт өте келе белгілі болады.
Сөйтіп, сала мамандарының пайымдауынша, елде инфляциялық тұрақтылық сезіле бастағаннан кейін Ұлттық банк базалық ставканы төмендетуді жөн деп тапқан сыңайлы.
Саяси болжам қисынға келе ме?
Кейбір белсенділер мен тәуелсіз сарапшылар мөлшерлеменің төмендеуін саяси жағдаймен түсіндіреді. Мәселен, саясаттанушы және экономикалық бақылаушы Әсем ҚАСЫМХАНОВАНЫҢ сөзіне сүйенсек, Ұлттық банктің бұл әрекеті сайлау алдындағы әлеуметтік көңіл-күйді жақсартуға көбірек ұқсайды.
«Ірі мемлекеттік және саяси жиындар қарсаңында халық пен бизнес арасында «позитивті импульс» қалыптастыру маңызды. Несиелердің арзандауына жол ашатын шешімдер қоғамдық белсенділікті қолдау құралы ретінде қабылдануы мүмкін», – дейді маман.
Сондай-ақ сарапшы Құрылтайда ел дамуының стратегиялық бағыттары мен экономикалық реформалар талқыланады. Осы орайда Ұлттық банктің мөлшерлемені төмендетуі – Үкімет пен Ұлттық банктің экономиканы жандандыруға дайын екенін көрсететін маңызды саяси-экономикалық месседж ретінде бағаланатынын айтады.
Әрине, мұндай саяси уәждерге қатысты Ұлттық банк өкілдерінің де айтары бар. Бас банк бұл қадамның тек нақты макроэкономикалық деректерге сүйеніп жасалғанын алға тартады. Ұлттық банктің төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдегендей, жылдық инфляция қатарынан 9 ай бойы төмендеп, маусымда 10,3 пайызға дейін түскен. Бұл – монетарлық саясатты жұмсартуға мүмкіндік берген негізгі фактор. Мұндайда Ұлттық банк макроэкономикалық тұрақтылық пен бағаны тежеуді ғана көздейді. Олардың шешімдер кестесі алдын ала бекітіледі және ол ешқандай саяси күнтізбеге бағынбайды. Мөлшерлеме бірден емес, небәрі 25 базистік тармаққа ғана төмендетілді.
«Егер мақсат таза саяси ұпай жинау болса, мөлшерлеме бұдан да күрт түсірілер еді. Мұндай шағын қадам – нарықтағы тәуекелдердің, тарифтердің өсуі, жанармай бағасы әлі де сақталып отырғанын көрсетеді», – дейді банк саласының мамандары.
ҚНРДА әрекеті «ерте туып, кеш қалу» ма?
Осылайша, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені түсіріп, «экономикаға қуат береміз, енді берілетін несиелердің пайызы арзандайды» деп жатқан тұста Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) несие беру талаптарын қатаңдатты. Сол талаптарға сәйкес, Қазақстанда кепілсіз тұтынушылық несие беру соңғы 6 жылдағы қарқынын баяулатты. Соңғы бірнеше жылда бұл көрсеткіш жыл сайын орта есеппен 32 пайызға өсіп келсе, 2025 жылы өсім 14,6 пайызға дейін кеміпті. Ал 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында несие портфелі бары-жоғы 3,1 пайызға артқан. Бұл бетбұрыс – ҚНРДА-ның халықты шамадан тыс қарызға батудан қорғау үшін қабылдаған кешенді шараларының нәтижесі. Реттеуші несие беру ережелерін әдейі қатаңдатып, осы нарықты сауықтыруға бағытталған екі заңнамалық пакетті іске асырды. Ең алдымен, агенттік несиенің шекті бағасы мен оны ұсыну шарттарын қайта қарады. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шегі кепілсіз займдар бойынша 56 пайыздан 46 пайызға дейін төмендетіліп, несиенің ең жоғары сомасы банктер үшін 9,5 млн теңге, ал микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) үшін 4,8 млн теңге деңгейінде шектелді. Сонымен бірге айлық төлемді жасанды түрде азайту арқылы жалпы үстеме қайтарымды көбейтетін 5 жылдан астам мерзімге кепілсіз несие беру тәжірибесіне толық тыйым салынды. Бұған қоса бұрынғы қарыздарын жабу үшін жаңа несие алатын «қарыз спиралінің» туындауына жол бермеу мақсатында мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға қайта несие беру ережелері де күшейтілді. Енді банктерде 30 күннен, ал МҚҰ-да 1 күннен астам төленбеген азаматтарға жаңа тұтынушылық несие берілмейді.
2027 жылдан бастап мемлекет банктер мен микрокредит ұйымдарына (МҚҰ) халықты бейберекет қарызға батыруға заң жүзінде толықтай тыйым салады.
Енді ешкім сізге «кірісіңізге қарамай», оңды-солды несие бере алмайды. Бұл жүйенің қарапайым халық үшін 3 негізгі пайдасы мен өзгерісі бар.
Бірінші, несие алу ережесі өзгереді: жылдық табыс есептеледі. Бұрын банктер несие берерде сіздің айлық табысыңыз бен дәл қазіргі қарыздарыңызды ғана тексеретін. 2027 жылдан бастап жаңа қатаң ереже күшіне енеді. Банк сіздің бір жылдық жалпы табысыңызды есептейді. Егер сіздің жалпы қарызыңыз осы жылдық табысыңыздан асып кетсе (арнайы коэффициент бойынша), банк сізге жаңа несие беруден бас тартуға міндетті болады. Бұл адамдардың өз табысынан артық қарыз алып, тығырыққа тірелуінен қорғайды.
Екінші, тиімсіз несиелер нарықтан жойылады. Жаңа ереже бойынша банктер немесе МҚҰ қандай да бір жаңа несие түрін, мысалы, жасырын пайызы көп, шарты түсініксіз өнімдерді нарыққа шығармас бұрын оның адамдарға зиян еместігін дәлелдеуі керек. Егер халық жаңа бір несие түрін жаппай төлей алмай, қарызға батып жатқаны анықталса, мемлекет ол несиені нарықтан мүлдем алып тастауды немесе шарттарын жеңілдетуді талап етеді. Яғни банктер тек өзіне пайдалы емес, клиентке де қауіпсіз өнімдерді ғана ұсынуға мәжбүр болады.

«Жас Алаштың» тұрақты спикері Бейсенбек ЗИЯБЕКОВ ҚНРДА-ның бұл жаңа талаптарын «ерте туып, кеш қалуға» теңейді. Маманның айтуынша, бұл әрекеттерді ертерек қабылдағанда, Ұлттық банк пен ҚНРДА синхронды жұмыс істегенде, экономика «ауруға шалдыға» бермес еді. Ұлттық банк экономикалық өсімді ынталандыру үшін жағдай жасап отырса, ал ҚНРДА сол ынталандырудың «улы» салдары болмауы үшін қаржылық қауіпсіздік белдігін нақты уақытында тартып отырғанда, өндірістік қабілетіміз әлдеқашан артып, еңбек өнімділігі бұдан да жоғары нәтижеге жетер еді.
Экономистің пайымдауынша, бізде макроэкономикалық тұрғыдан сауатты баланс сақталмайды. Мәселен, осы уақытқа дейін де Ұлттық банк базалық мөлшерлемені түсірген және қайта көтерген кезеңдер болды. Алайда несие нарығында бейберекетсіздік көп бой көрсетті. Банктердің оңды-солды несие таратуының кесірінен халық та, бизнес те орынсыз шығынға батты. Енді базалық мөлшерлемені түсіріп, несие беру тәртібін қатаңдатқан болып отырмыз.
«Нақтысында қазір біздегі инфляция өндірістік қабілетіміздің төмендігінен болып жатыр. Отандық өнім шығаратын өндіріс орындарының саусақпен санарлық болуы жағдайды осыған әкелді. Енді Үкімет пен Ұлттық банк жағдайды өзгертуі керек. Ол үшін осы қос ведомствоның әрқайсысы өзіне жеке-жеке міндеттеме алуы қажет. Инфляциямен күресте Ұлттық банк қай салаға жауап береді? Ал Үкімет қай салаға жауапты? Осыны нақтылап алған жөн. Осылай екі ведомство бас қосып жұмыс істесе, нәтиже болады. Әттеген-айы, бұлардың басы бірікпейді. Керісінше, біріне-бірі қарама-қарсы жұмыс істейді», – дейді Бейсенбек Зиябеков.
Экономист ғалымның пікірінше, Үкіметтің тарифтерді көтеріуі – инфляциялық процестерді тікелей қоздыратын басты фактордың бірі. Мұндай жағдайда Ұлттық банктің үкімет шешімдеріне тікелей араласуға құқықтық тетіктері жоқ. Реттеуші тек өзіне тиесілі ақша-несие саясаты аясында әрекет етуге мәжбүр, сондықтан инфляциялық қысымға жауап ретінде базалық мөлшерлемені өсіреді немесе түсіреді. Алайда мөлшерлеме жоғарылағанда несиенің барлық түрлері қымбаттап, бұл бизнестің айналым қаражатына қолжетімділігін шектейді. Несиені жоғары пайызбен алған кәсіпкер өз шығындарын өнім құнына қосады, бұл нарықтағы бағаның қайта шарықтауына әкеледі. Осылайша, тарифтік немесе салықтық реформалардан басталған тізбек инфляциялық спираль тудырады. Ал енді базалық мөлшерлеме төмендеп еді, несие беру тәртібі қатаңдатылып жатыр.
«Бұл бизнеске емес, қарапайым тұтынушыларға қатысты берілетін несиеге енгізілген өзгерістер десек те, сол өнеркәсіптің шығарған өнімін, тауарын несиеге болсын сатып алып, саудасын жүргізетін қарапайым тұтынушы емес пе? Ертең қарапайым халықтың қолында қаражат болмаса, зауыттан шыққан өнім қайдан өтеді, кім алады? Өнімі өтпесе, бизнес те тоқырамай ма? Сондықтан бұл мәселені жүйелі шешу үшін Үкімет пен Ұлттық банк, ҚНРДА бір үстел басына отырып, әрбір реформаның макроэкономикалық салдарына бірлескен терең талдау жүргізуі тиіс», – деді экономист-ғалым.
Жалпы, сарапшылар айтып отырғандай, бүгінде нарықтағы негізгі мына үш «бас ауру» жүйелі шешімін тапқан жоқ: біріншісі – Ұлттық банк біресе көтеріп, біресе түсіріп, «ойнайтын» базалық ставка.
Екіншісі – халықты қарыз батпағына батырған, бірақ нақты секторды қаржыландырудан қашқан екіұшты несие беру тәртібі.
Үшіншісі – отандық өндірістің әлсіздігін көрсететін төмен еңбек өнімділігі. Еңбек өнімділігін арттырмай, тек ақшаны қымбаттату немесе түсіру арқылы инфляцияны өсірмейміз деу – қисынсыз. Сол себепті де «болашақта ҚНДРА мен Ұлттық банктің мақсат-мүддесін қайта қарау керек» деп есептейтіндердің қатары көбейетіні заңды.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ