Тігін фабрикасына 500 миллион теңге жұмсалды
Тағдыр талқысына ұшырап, өмір мүмкіндігін шектеген жандардың басын қосып, қол ұшын созу көптің қолынан келе бермейтін іс.
Осы орайда елімізде мүгедектер қоғамының жыл санап саны артып келе жатқаны шын қуантады. Әсіресе нарық заманында ерекше қажеттілігі бар балалардың жоғын түгендеп, мүгедектердің дәрі-дәрмегіне жәрдемдесу артық етпес еді. Түркістан облысында мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық танытып, көмек беретін үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер халыққа қызмет көрсетуде. Мысалы, «Шебер мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі осы сөзіме анық мысал.
Мүгедектер қоғамының басты міндеті – ең алдымен, мүмкіндігі шектеулі жандардың мұң-мұқтажына толық жауап беріп, әлеуметтік қолдау екені анық. Қоғамдағы осы топтағы адамдардың тіршілік ету сапасын жақсарту — мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып белгіленген еді. Омар Әсенұлы басқарған «Шебер мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі осы бағытта күнделікті қызметін жалғастырып, адамдардың көңіл күйін көтеріп, ерекше қажеттілігі бар жандардың қоғамымыздың толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне жағдай жасауда. Бұл ретте мүмкіндігі шектеулі жандарға жан-жақты көмектесіп, оларды белсенді тірлікке тарту, жұмыспен қамтуға қатысты шаралар арнасын кеңейту жүзеге асырылып жатыр. Қоғамдық бірлестіктің төрағасының айтуынша, мүгедектер бірлестігінің басты мақсаты – қоғамдағы ерекше тағдыры талқылы жандардың жанына медет, көңіліне үміт сыйлау.
«Бірлестікті ашу барысында ұзақ ойландым. Бірақ мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек беріп, қиналған сәттерінде қол ұшын созу әлдеқайда дұрыс шешім екенін ұқтым. Қазіргі таңда ерекше қажеттілігі бар аналардың қажетіне құлақ асып, азаматтарға демеушілік жасап жүрмін. Мүмкіндігі шектеулі жандардың басын қосып, шаралар ұйымдастырамыз. Қоғамдық бірлестік құрамында отыздан астам адам қызмет атқарады. Бәрінің мақсаты бір – мүмкіндігі шектеулі жандардың жанына медет, көңіліне үміт сыйлау және қоғамда әлеуметтік осал топтарға және өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету», – дейді Омар Әсенұлы.
2022 жылдың желтоқсан айында Шардара ауданы Алатау ауылдық округiнен «Шебер» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен тігін фабрикасын ашқан. Негізі Түркістан облысының әкімі халықтың әлеуметтік осал топтарына және жастарға жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы әлеуметтік жағдайын көтеру бойынша тапсырма берген болатын. Бұл бағытта көршілес елмен тәжірибе алмасу жұмыстары да жүріп жатыр. Осы тапсырмаға сәйкес, Шардара ауданында пилоттық жоба ретінде әлеуметтік осал топтағы, аз қамтамасыз етiлген отбасыларды, көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік осал топтарды жұмыспен қамту мақсатында ашылған тігін фабрикасы жүзден астам адамның жұмыс табуына септігін тигізіп отыр. Омар Бақтыгерейдің айтуынша, тігін фабрикасы Шардара қаласында да ашылған.
«Шардара ауданындағы Алатау батыр ауылы ең тұрғын саны көп елді мекен. Ауылда ғұмыр кешетін он мыңға жуық халық негізінен ауыл шаруашылығы жұмыстарымен шұғылданады. 2022 жылы 500 млн теңге қаржы құйып, мүгедектер бірлестігінің ұйымдастыруымен, яғни соның жанынан «Шебер» тігін фабрикасын аштым. Өзбекстаннан арнайы мамандар келіп, ауыл азаматтарына аяқ киім, киім тігу, тоқыма саласы технологияларының қыр-сырын жан-жақты үйретіп берді. Біліктілігін арттырған қызметкерлер бүгінге дейін мемлекеттік тапсырыстың арқасында 60 мың дана қыстық киім, 144 мың дана арнайы жаздық киім, 72 мың пар аяқ киім шығарып үлгерді. Талаптанып жасаған әрекет қашанда нәтижелі болары сөзсіз. Аз уақыттың ішінде шаруасын дөңгелетіп әкеткен кәсіпорын өнімдеріне сұраныс та арта түсті. Ендігі мезетте тігін фабрикасының жұмыс аумағын мұнан да кеңейте түсу қажеттігі туындады. Осы орайда аудан әкімі А.Қарсыбаевтың қолдауымен Шардара қаласынан бос тұрған ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, іскер кәсіпкердің пайдалануына берді. Сәуір айында Aqniet Holding ЖШС-ына қарасты «Шебер» қоғамдық бірлестігінің тігін фабрикасы Шардара қаласында да ашылып, жұмысын бастап кетті. Ауданға жасаған ресми сапарында облыс әкімі кәсіпорынға ат басын бұрып, жақсы бастамаға сәттілік тілеген еді», – дейді.
Азғантай адамның бастамасымен құрылған мүгедектер бірлестігінің ары қарай дамып, қаншама адамды жұмыспен қамтитын тігін фабрикасына айналуы қажырлы еңбек пен жауапкершілікті талап етеді. Аудан тұрғындары бүгін ашылып, ертең жабылып қалатын кейбір зауыттардай емес, қарқынды түрде жұмыс бастаған кәсіпорынның келешегіне зор үмітпен қарайды.
«Бұдан бөлек, Жаушықұм ауылдық округінен құс өсіру бағытында аз қамтамасыз етiлген отбасыларды, көпбалалы отбасыларды, 29 жасқа дейінгі жастарды және елу бес жастан асқан зейнет жасына дейiнгi 55 адамды кәсіби оқытып, жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Өндіріс орны аяқ киім, киім-кешек және тапсырысқа сәйкес кез келген тауарды тігумен айналысады. Қазақстан бойынша көптеген облыстарды арнайы әскери киім-кешекпен қамтып отырмыз. Бізге Түркия елінен тәжірибелі мамандар келіп, тәжірибе алмасуда. Қазір жұмыспен қамтылып жатқан жаңа тігіншілерді оқытып, тәжірибелі маманға айналуына да ықпал жасап жатырмыз. Бұдан бөлек, алдағы уақытта Шардара ауданының бірнеше ауылынан цех ашуды жоспарлап отырмыз», – дейді Омар Әсенұлы.
Сәруар БАҚБЕРГЕН
Түркістан облысы