Тоқаев медицина қызметкерлеріне күш көрсеткен үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы заң қабылданғанын еске салды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың мәртебесін арттыру мәселесіне тоқталды.
Президенттің айтуынша, бүгінде Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде 280 мыңнан астам маман еңбек етеді. Сондықтан дәрігерлердің кәсіби беделін көтеру мен құқықтарын қорғау мемлекет үшін басым бағыттардың бірі болып қала береді. Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті. Оның сөзінше, бұл мәселе былтыр медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған жиында да көтерілген.
«Сол себепті мен осы жылдың басында медицина қызметкерлеріне күш көрсеткен адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы заңға қол қойдым», – деді Президент.
Мемлекет басшысы бұл шешім қоғамда орнығып келе жатқан «Заң мен тәртіп» қағидатына толық сәйкес келетінін айтты. Президенттің пікірінше, дәрігерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың еңбегін құрметтеу – сапалы медициналық қызмет көрсетудің маңызды шарттарының бірі.