Саясат

Тоқаев: Қазақстан 1 шілдеден бастап жаңа тарихи кезеңге қадам басады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық «Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз етудегі рөлі» форумында сөз сөйлеп, Қазақстанның дамуы үшін мемлекет пен қоғам арасындағы сенім мен өзара түсіністіктің маңызы зор екенін айтты.

Тоқаев

Мемлекет басшысы елдің басты басымдықтарының бірі – мемлекеттің және қоғамның тұтастығын нығайту екенін атап өтті. Оның айтуынша, азаматтар мен билік арасындағы ашық диалогсыз тұрақты даму мүмкін емес.

Тоқаев Қазақстанда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жүзеге асырылып жатқанын айтты. Бұл қағидат қоғам сұранысын ескеруге, азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беруге және билік пен халық арасындағы байланысты нығайтуға негізделген.

Президенттің сөзінше, бұл жұмысқа министрлер, әкімдер мен депутаттарды қоса алғанда, барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлер белсенді қатысуы тиіс.

Мемлекет басшысы «Заң және Тәртіп» қағидатына да ерекше тоқталды. Оның пікірінше, бұл ұстаным ұлттық болмыстың ажырамас бөлігіне айналуы қажет.

«Біз өркениетті ұлт ретінде “Заң және Тәртіп” қағидатын ұлттық бірегейлігіміздің ажырамас сипаты ретінде орнықтыруымыз керек», – деді Тоқаев.

Президент 2021 жылы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енгенін еске салды. Оның айтуынша, бұл құжат азаматтар мен кәсіпкерлерге мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттері мен шешімдеріне қарсы өз құқықтарын тиімді қорғауға мүмкіндік берді.

Бұрын азаматтарға билік шешімдеріне қарсы шығу қиын болса, әкімшілік әділет жүйесі енгізілгеннен кейін жағдай өзгерді. Енді мемлекеттік органдар өз шешімдері мен әрекеттерінің заңдылығын дәлелдеуге міндетті.

Тоқаев соңғы жылдары әкімшілік істер бойынша сот шешімдерінің жартысынан астамы азаматтар мен бизнес өкілдерінің пайдасына шыққанын айтты.

Сондай-ақ соңғы бес жылда мемлекеттік органдарға қоғаммен өзара іс-қимыл жүйесі, соның ішінде «е-Өтініш» платформасы арқылы шамамен 16 миллион өтініш түскенін мәлімдеді.

Президент әкімшілік әділет институтының рөлі одан әрі күшейіп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, әкімшілік сот ісін жүргізудің Конституцияда дербес құқықтық институт ретінде бекітілуі аса маңызды қадам болды.

Мемлекет басшысы инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселесіне де тоқталды. Оның сөзінше, инвестициялық даулар бойынша сот шешімдерінің шамамен 80 пайызы инвесторлардың пайдасына шығарылып отыр. Бұл Қазақстанның шетелдік инвестиция тарту бойынша өңірдегі көшбасшылық позициясын сақтауға ықпал етеді.

Тоқаев қаржы саласы мен жедел дамып жатқан аумақтарға арналған арнайы құқықтық режимдер туралы да айтты. Атап айтқанда, болашақтың цифрлық агломерациясы ретінде қарастырылатын Алатау қаласы жаңа технологияларды тартатын маңызды орталыққа айналуы тиіс екенін жеткізді.

Сөзінің соңында Президент 1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне енетінін мәлімдеді.

«Осылайша Қазақстан өзінің дамуындағы жаңа тарихи белеске қадам басады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы бүгін бес конституциялық заңға қол қойғанын хабарлады. Оның айтуынша, мемлекеттік басқару жүйесі «Күшті Президент – Ықпалды Құрылтай – Есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы негізінде жаңғыртылады.

Президент бұл құқықтық реформалар елдегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге тың серпін беретінін атап өтті.

Тегтер: Тоқаев
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз