09:20, 04 Шілде 2024
Тоқаев Путинді мемлекеттік сапармен келуге шақырды
Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинді биыл күзде елімізге тағы да мемлекеттік сапармен келуге, сонымен бірге ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысына қатысуға шақырды.
Владимир Путин ШЫҰ саммитіне қатысуға шақырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Қазақстан осы маңызды іс-шараның дайындығына айтарлықтай күш салғанын жеткізді
– Саммит, шын мәнінде, мазмұны жағынан халықаралық сипатқа ие. Елдеріміздің бірқатар халықаралық ұйымға төрағалық етіп отырғанын атап өткім келеді. Қазақстан ШЫҰ мен ҰҚШҰ-ға, ал Ресей БРИКС пен ТМД-ға төраға болып отыр. Сондықтан бір-бірімізді қолдап, көмектесеміз. Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырғаныңыз үшін алғыс айтамын. Әлбетте, мұны ҰҚШҰ саммитіне орайластырған тиімдірек болар еді. Екіжақты қарым-қатынасымызға келер болсақ, сіздермен үнемі байланыстамыз. Елдеріміз арасындағы тауар айналымы артып, шамамен 30 миллиард долларға жетті. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Ресей Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі болып қала береді, – деді Ресей Президенті.
Кездесуде президенттер өнеркәсіптік кооперацияны, энергетика саласындағы өзара тиімді серіктестікті дамыту және өңіраралық байланыстарды жандандыру перспективаларын жан-жақты талқылады. Тараптар екіжақты және көпжақты форматтағы тұрақты саяси диалогті сақтауға өзара ниетті екенін растады.