Тоқаев Шыңжаңға барды
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға ресми сапары барысында Шыңжаң өлкесінің орталығы Үрімжі қаласына барды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Тоқаев баспасөз қызметінің жазуынша, Тоқаев Коммунистік партиясының Шыңжаңдағы хатшысы Ма Синжуймен кездеспек.
"Кездесу барысында аймақтық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланады" деп мәлімдеді Ақорда.
Бұл – Тоқаевтың кейінгі кезде саяси лагерьлерімен әлемге танылған Шыңжаң өлкесіне президент ретінде алғаш баруы.
Ақорда хабарламасында Тоқаевтың Ма Синжуймен Шыңжаңдағы қазақтар мәселесін талқылайтыны айтылмаған.
Қазақстан президенті 17-18 қазанда Пекин болып, Қытайдың "Бір белдеу - бір жол" жобасының он жылдығына арналған жиынға қатысты. Оның Шыңжаңға баратыны алдын ала хабарланбаған еді.
Ма Синжуй мен Тоқаев биыл наурызда Астанада кездескен. Ақорда Астанадағы кездесуде олардың өнеркәсіп, көлік, логистика, ауыл шаруашылығы және туризм мәселелерін талқылағанын жазған.
2017 жылдардан бастап Қытайдың Шыңжаң өлкесінде тұратын қазақтар Қазақстанға қашып келуді жиілеткен. Олар Қытай Шыңжаңдағы мұсылмандарға қысымды күшейтіп, жаппай лагерьге қамай бастағанын мәлімдеген.
Қытайдан Қазақстанға бұрын көшіп келіп алғандар Шыңжаңда қысымға ұшыраған я лагерьлерге қамалған туыстарын қайтаруға көмек сұрап, Астанаға бірнеше рет қайырылған.
Қазақстан билігі Шыңжаңдағы қазақтар Қытай азаматы екенін алға тартып, бұл мәселеге тікелей араласа алмайтынын аңғартқан. Дегенмен Қазақстан сыртқы істер министрлігі дипломатиялық арналар арқылы Шыңжаңдағы қазақтардың біразы елге келгенін де айтқан.