Тоқаев Қазақстанды «Штрафстан» деп атайтындарға жауап берді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы «Заң және тәртіп» саясатына қатысты айтылатын сын-пікірлерге жауап берді. Мемлекет басшысы кейбір адамдардың, соның ішінде Парламент депутаттарының да, құқықтық тәртіпті күшейтуге бағытталған шараларды «Штрафстан» немесе «Айыппұлстан» деп атайтынын айтты.
Мемлекет басшысының айтуынша, мұндай атауды қолданушылардың қатарында Парламент депутаттары да бар.
«Елімізді ұнатпайтын, оған менсінбей қарайтын кейбір адамдар, өкінішке қарай, олардың арасында Парламент депутаттары да бар, біздің құқықтық әрекеттерімізді «Штрафстан» немесе «Айыппұлстан» деп атайды. Олар өз пікірлерінің қаншалықты тар ауқымды екенін көрсете берсін», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев заңға құрмет көрсету жазадан қорқу емес, керісінше азаматтардың жауапкершілігі жоғары екенін білдіретін қасиет екенін атап өтті. Мемлекет басшысының сөзінше, Қазақстан алдағы уақытта да қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған «Заң және тәртіп» саясатын жүйелі түрде жалғастыра береді.
«Біз бұл жолдан таймаймыз және «Заң және тәртіп» саясатын батыл түрде жүзеге асыра береміз. Бұл – азаматтарымыздың талабы. Сондықтан қоғам да, әкімдер де бұл мәселеге ерекше назар аударуы қажет», – деді Президент.
Тоқаев қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік елдің тұрақты дамуы үшін маңызды шарттардың бірі екенін атап өтті.