Қоғам

Тоқаев вице-президенттің өкілетін бекітті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев вице-Президенттің өкілеттіктерін айқындайтын жарлыққа қол қойды.

Тоқаев

Құжатқа сәйкес, Вице-Президент мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатына қатысты стратегиялық бастамаларды әзірлеуді қамтамасыз етіп, оларды Президентке ұсынады.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасымен Құрылтаймен, Үкіметпен, мемлекеттік органдармен, саяси партиялармен, қоғамдық бірлестіктермен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл кезінде Президент атынан өкілдік етеді. Халықаралық іс-шараларға да Президенттің тапсырмасымен қатыса алады.

Вице-Президент Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығына жетекшілік етеді. Сонымен қатар Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының қызметіне басшылық жасайды.

Бұдан бөлек, Вице-Президент бірқатар мемлекеттік комиссиялар мен кеңестердің жұмысын қамтамасыз етеді. Олардың қатарында Мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссия, Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссия, Жастар саясаты жөніндегі кеңес, сондай-ақ ғылым, техника, әдебиет және өнер салаларындағы мемлекеттік сыйлықтарды беру жөніндегі комиссиялар бар.

Өз құзыреті шегінде Вице-Президент өкім шығаруға, орталық және жергілікті атқарушы органдарға тапсырма беруге, мемлекеттік органдардан қажетті ақпарат пен құжаттарды сұратуға құқылы.

Сондай-ақ ол ведомствоаралық жұмыс топтарын құра алады және Құрылтайдың, Үкіметтің, Қазақстан Халық Кеңесінің және Президент жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың отырыстарына қатысады.

Вице-Президенттің қызметін ұйымдық-құқықтық және ақпараттық-талдамалық тұрғыдан Президент Әкімшілігі қамтамасыз етеді. Жарлыққа Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 5 қыркүйекте қол қойды. Құжат қол қойылған күннен бастап күшіне енді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз