Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:32, 01 Мамыр 2024

Токиодан Парижге дейін

1
Фото: из открытых источников

Өткен аптада семсерлесу спортынан Париж олимпиадасына жолдама беретін соңғы жарыс аяқталды. Фуджейра (БАӘ) қаласы қабылдаған Азия аймақтық лицензиялық турнирінде Қазақстан командасы тағы бір жолдамаға қол жеткізді.

Бұл жолы Әйгерім Сарыбай шеберлігімен көзге түсті. Ал іріктеу сынына аттанған өзге спортшыларымыз ойдағыдай нәтиже көрсете алған жоқ. 

Биылғы жылдың басты ерекшелігі, сапышылар Париж жолдамасын кубок кезең қорытындысы бойынша жеңіп алды. Биыл тарихта тұңғыш рет сапыдан Қазақстан ерлер құрамасы командалық сында олимпиадаға қатыспақшы.

Рапирадан (сайыс қылышы) сынға түскен София Ақтаева финалда сүрінсе, семсерші Артем Саркисян ширек финалдан аса алмады. Әлемдік федерация ережесі бойынша Фуджейрада жеңімпаз спортшыларға ғана квота берілді.

Семсерші Әйгерім Сарыбай өзінің екінші мүмкіндігін сәтті пайдаланып, Парижге жолдама иеленді. Ол семсерден олимпиадаға араға үш олимпиялық цикл салып қатыспақшы. Бұған дейін Қазақстан сапынан Юлия Живица ғана Лондон олимпиадасында өнер көрсеткен еді. Ә.Сарыбай 2020 жылғы Токио олимпиадасының Ташкентте өткен шешуші іріктеу кезеңінде финалда жеңіліп, жолдамадан үміт үзген еді.

Енді қазақстандық семсерлесушілер әлемдік Гран-при жарыстарына қатысады. Қазіргі таңда сапышылар Колумбиядағы Гран-при турниріне дайындалып жатыр. «Бұл квота біз үшін өте бағалы. Өйткені әлемдік жарыстарда әрбір қару түрінен екі жүзге жуық спортшы бақ сынайды. Ал төртжылдық додасында 36 спортшы ғана жолдама алады. Осымен олимпиадаға іріктеу турнирі аяқталып, рейтинг жабылды» дейді семсерлесуден мемлекеттік жаттықтырушы Тимур Байтасов. Бұл туралы Olympic.kz порталы хабарлады.

Есей Жеңісұлы