Тоқтаусыз даму – емдеу нәтижесін ілгерлетеді
Пандемия басталғалы өндірісті өлкенің денсаулық сақтау саласы жоспарлы бағыты мен қаржылық мүмкіндігінің тең жартысын қауіпті індетпен күреске жұмылдырды.
Екі жылдан бері емдеу мекемелері жұқпалы кеселге шалдыққан тұрғындарды диагностикалау мен емдеуге дағдыланған. Қысқа уақыт аралығында облыста коронавируспен күрестің кластерлік жүйесі қалыптасты. Заманауи жабдықтардың көмегімен сырқаттың деңгейі анықталып, кейбір салалас стационарлық қызметтер біріктірілді.
– Бүгінде аймақтағы коронавирусты емдейтін госпитальдерде 5679 жатын және 434 жансақтау орны жасақталды. Онда өкпені жасанды желдететін 364 аппарат пен екі сырқатқа бір мезетте жеткілікті мөлшерде оттегі концентрациясын жеткізетін құрылғы орнатылды. Сондай-ақ өңірдегі 26 госпитальда орталықтандырылған жүйе арқылы медициналық газбен қамтитын 1160 нүкте жұмыс істеп тұр. Мұның сыртында компьютерлік томографиямен жабдықталған 26 бөлме пайдалануға енді. Науқастардан жедел сынама алатын 10 зертхана ашылды. Онда күніне 156 мың тест сынақтары тексеріледі. Биыл да жұқпалы ауруға шалдыққандарды емдеу ісі осы қарқыннан таймақ емес, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Гамал Тоқсамбаев.
Облыста халықты жаппай иммундау науқаны жүйелі жүргізіліп келеді. Тәжірибелі дәрігер тұрғындарға жұқпалы аурудың салдары жайлы түсіндірме жұмысын өткізуде. Аймақта вакцинадан тапшылық көріп отырған өңірлер жоқ. Екпе қоры жеткілікті мөлшерде. Дәрілік сұйықтықты талапқа сай жеткізу, сақтау қатаң бақылауға алынған. Денсаулық сақтау басқармасы мен «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының басшылары өңірге әкелінген «Pfizer-Bion Tech» вакцинасын аталмыш өндірістегі жоғары технологиялы мұздатқышта сақтау жөнінде келісімге отырған. Осы уағдаластыққа сәйкес, «АрселорМиттал» компаниясы өңірдегі медициналық мекемелерге 97 камераны сыйға тартты. Мұздатқыштарда -86 градуста Pfizer вакцинасын жарты жыл сақтауға болады.
Пандемиядан бұрын «Денсаулық – зор байлық» деген қағида жалаң сөзге айналып келгені жасырын емес. Қан қақсатқан коронавирус келгелі мұқым ұлттың тағдыры дәрігерлердің қолында екеніне көз жеткіздік. Аймақ дәрігерлері одақ тұсында абыройдан кенде болмаған. Білікті кадрларды даярлау ісі облыстың алдыңғы қатарлы клиникаларында жүйелі жұмыс істеуін тоқтатқан емес. Биыл Қарағандыдағы кәсіби дәрігерлер 597 жас кадрды науқастарды қабылдауға даярлап шығарған. Олардың 30 пайызы резидентурада білім алуда. Университетті бітергендері жер-жерлердегі емханалар мен ауруханаларда қызмет етуде.
Ілгеріде қиындық тудырып келген түйткілдің бірі – жас мамандарды жергілікті жерде тұрақтанудыру шешімін тапты. Осы орайда дәрігерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламасы екі жылдан бері жандана бастады. Ол бойынша 2023 жылға дейін өңірдегі 334 жас дәрігерге пәтер берілмек. Тағы 276 қызметкерлерге тұрмыстық техникамен және жиhазбен жабдықталған пәтер сыйлау жоспары бар. Отандық медицина саласын ақпараттандыру жүйесіне көшіру кеншілер өңірінде алға басқан. Науқастар жайында мәліметтер орталықтандырған жүйеге қосылған. Дәрігерлердің онлайн-консилиум жиналыстары қашықтан өткізіліп келеді. Ал қолданысқа енген «Даму Мед» мобильді қосымшасы бүгінде барлық емделушілерге қолжетімді дәрежеде.