«ТОРҒАЙ ЖЕРІНЕ ТӘНТІ БОЛҒАН ӨЗ-АFА»: ҰЛТ РУХАНИЯТЫНЫҢ ШАМЫН ЖАҚҚАН ТҰЛҒА
Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінде ұлт руханиятының көрнекті өкілі, мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына орай «Торғай жеріне тәнті болған Өз-аға» атты тағылымды дөңгелек үстел өтті.
Бұл басқосу – мерейтойлық шарадан гөрі, Өзекеңнің ұлтқа сіңірген еңбегін әр қырынан таныған, көзі көргендер мен кейінгі зерттеушілерді тоғыстырған мазмұнды рухани жүздесу болды. Жиын барысында оның ұлттық мәдениетті жаңғыртудағы еңбегі, Алаш мұрасын елге қайтарудағы азаматтық ұстанымы, музей ісіне, өнер мен дәстүрге қосқан үлесі туралы құнды естеліктер айтылды.
Шараның сөз тізгінін музей-үйдің аға ғылыми қызметкері, алаштанушы Әділет Ахмет ұстап, басқосудың мазмұнды өтуіне ұйытқы болды.
Алғашқы болып сөз алған мәдениет саласының үздігі, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің жетекшісі Бауыржан Өзбекәліұлы әкесі туралы тебірене сыр шертті. Оның естелігінен Өзекеңнің қызметтегі қайраткерлігімен қатар, отбасы алдындағы болмысы, мәдениетке деген айрықша махаббаты аңғарылды.
Жиын барысында бір ақиқат айқын сезілді: Өзбекәлі Жәнібеков үшін мәдениет – белгілі бір мекеменің немесе саланың ғана шаруасы емес, ұлттың тарихи жадын сақтайтын тұтас әлем еді. Музей мен жәдігер, көне өнер мен дәстүр, тарихи ескерткіш пен халықтың тұрмыс-салты – оның танымында бір-бірінен ажырамас құндылықтар болды.
Осы тұста дөңгелек үстелдің атауына арқау болған Торғай тақырыбы да кеңінен ашылды. Торғай – Алаш арыстарының ізі қалған, қазақтың ағартушылық ойы мен азаттық рухы тамыр жайған қасиетті мекен. Өзбекәлі Жәнібековтің бұл өңірге деген ықыласы да осындай тарихи тереңдіктен туындаған.
Белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов Өзекеңнің ұлт руханиятындағы орнын саралай келіп, оның қызметін тұтас бір «ұлттық мектеп» ретінде бағалады.
Шын мәнінде, Өзекеңнің өмір жолына қарасақ, оның әр қызметі бір-бірінен бөлек емес, бір арнаға тоғысқанын көреміз. Алаш арыстарын ақтау, Наурызды жаңғырту, тарихи мұраны қорғау, ұлттық өнерге қолдау көрсету, музей ісін дамыту – бәрінің түпкі мақсаты бір еді. Ол мақсат – ұлттың жоғын түгендеу.
Өзбекәлі Жәнібековтің қасында қызмет еткен, кезінде көмекшісі болған Бахтияр Камаловтың естелігі де осы ойды нақтылай түсті. Ол Өзекеңнің талапшылдығы, жұмысқа деген жауапкершілігі, кез келген мәселенің байыбына бармай тоқтамайтын мінезі туралы айтып, мәдениет мәселесін мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар бағыт деп қарағанын жеткізді.
Тіл жанашыры, қоғам қайраткері Асылы Осман Өзекеңнің ұлттық сана, тіл және руханият мәселесіне деген көзқарасын сөз етті. Ал Алаш қайраткері Қошке Кемеңгерұлының немересі Гүлнар Кемеңгерова оның Алаш мұрасын жаңғырту жолындағы еңбегіне тоқталды. Бұл екі сөздің өзінен-ақ Өзекең қызметінің бір ғана саламен шектелмегені, оның ұлттың тарихи жадын тұтастай жаңғыртуға бағытталғаны анық көрінді.
Ұлттық өнер тақырыбын «Сазген сазы» ансамблінің дирижері, мәдениет қайраткері Ықылас Нұрғалиев жалғады. Ол Өзекеңнің халық әні мен күйін, дәстүрлі өнер мен көне музыкалық аспаптарды ұлттың рухани жады ретінде бағалағанын атап өтті. Өнердің сахнада ғана емес, халықтың тарихи санасында өмір сүруі керек екенін сол кезеңнің өзінде терең түсінген қайраткердің көрегендігі бүгін ерекше бағаланады.
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Гүлжаһан Орда Өзбекәлі Жәнібековтің ғылыми-танымдық мұрасына тоқталды. Оның этнографиялық ізденістері, дәстүрлі мәдениетті жинақтап, зерделеуі бүгінгі зерттеушілер үшін де құндылығын жоғалтпағаны айтылды.
Ал Өзбекәлі қорының президенті Әзел Жәнібек қайраткер мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңызын атап өтті. Өйткені Өзекеңді еске алу – оның есімін атаумен шектелмеуі керек. Оның ел үшін жасаған нақты істерін зерттеп, азаматтық ұстанымын жас ұрпаққа үлгі ету – бүгінгі буынның міндеті.
«Отбасы хрестоматиясы» жобасының негізін қалаушы әрі директоры Бағдат Құдияр да осы ойды сабақтап, ұлттық тұлғалардың өмірі мен өнегесін жас ұрпаққа түсінікті әрі әсерлі жеткізудің маңызына тоқталды.
Торғай музейлер кешенінің директоры, аудандық мәслихат хатшысы Гүлбану Сәрсекей Торғай төрінен арнайы бейнеқұттықтау жолдап, шараға ақжарма тілегін білдірді. Ол Өзбекәлі Жәнібековтің Торғай өңірінің тарихи-мәдени мұрасына ерекше ықыласын атап өтіп, осындай мазмұнды басқосуды ұйымдастырушыларға ризашылығын жеткізді. Бұл лебіз Алматыдағы рухани жүздесуді Торғайдың тарихи кеңістігімен жалғағандай әсер қалдырды.
Шараға «Алматыкітап» баспасының редакторы Бұлан Жамбыл да арнайы ықыласын білдірді. Ол ұйымдастырушыларға алғыс айтып, Өзбекәлі Жәнібековтің мұрасын уақыт өткен сайын қадірі арта түсетін мәңгілік феномен ретінде бағалады.
Жиынның тағы бір әсерлі сәті – ұлт тағдырын жырына арқау еткен белгілі ақын Мұхтар Шахановты еске алу болды. Өзекеңмен рухани іні-дос болған ақынның өмірі мен шығармашылығына тоқталған Әділет Ахмет оның дүниеден өтуіне байланысты жазған «Алты ай бойы алынбаған Отырар» атты арнауын тебірене оқып берді. Жыр жолдары залдағы жұртты ерекше толқытып, қазақ руханиятына қызмет еткен қос тұлғаның арасындағы рухани сабақтастықты сезіндірді.
Жиынды Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі Райхан Имаханбет қорытындылап, арнайы келген қонақтарға, зиялы қауым өкілдеріне, зерттеушілер мен мәдениет жанашырларына алғысын білдірді. Ол өз зерттеу еңбектерімен қатар, Алматы қаласы музейлер бірлестігі жанынан жарық көрген бірқатар құнды кітаптарды қатысушыларға сыйға тартты.
Ал шараның сіргежиярында көпшілік Өзбекәлі Жәнібековтің өмірі мен шығармашылық мұрасына арналған көрмені тамашалады. Көрмедегі құжаттар, фотосуреттер мен тарихи жәдігерлер дөңгелек үстелде айтылған естеліктерді нақты деректермен толықтырды.
Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйіндегі бұл басқосудың өнегесі де осында болды. Бірі – әке туралы сыр айтты, бірі – бірге қызмет еткен жылдарын еске алды, бірі – ғылыми мұрасын саралады, енді бірі – ақындық арнауымен рухын жаңғыртты. Бірақ барлығының айтқаны бір арнаға тоғысты.
Өзбекәлі Жәнібеков – ұлттың жоғын түгендеген, тарихи жадын жаңғыртқан, мәдениетін сақтап қалуға ғұмырын арнаған тұлға.
Сондықтан «Торғай жеріне тәнті болған Өз-аға» атты дөңгелек үстел – өткенді еске алумен ғана шектелген шара емес, Өзекеңнің елге қызмет ету өнегесін бүгінгі күнмен жалғаған рухани сабақтастықтың көрінісі болды.
Ал музей төріндегі сол жүздесуден қалған ең басты ой – ұлтқа жасалған үлкен қызметтің ғұмыры адамның ғұмырынан әлдеқайда ұзақ екені. Өзбекәлі Жәнібековтің мұрасы да уақыт өткен сайын жаңғырып, жаңа ұрпақпен қайта қауыша бермек.
Әділет Бақыткерей
«Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМКҚ
Азмет Байтұрсынұлы музей-үйінің қызметкері